TOP-1Сараптама

Қазақстанда қай есірткі түрі ең көп тәркіленді – жарты жылдық статистика

Алты айда Қазақстан аумағында 141 тоннадан астам есірткі тәркіленді

Қазақстанда биылғы алты айда есірткіге қатысты тіркелген құқықбұзушылықтар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда азайған. Соған қарамастан заңсыз айналымнан алынған есірткінің көлемі жүздеген тоннаға жетіп, синтетикалық есірткіні өндіруге пайдаланылатын прекурсорлардың ірі партиялары анықталды. Бұл құқық қорғау органдарының есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресі жаңа бағыттарға ойысқанын аңғартады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Биылғы алғашқы алты айдың қорытындысы заңсыз айналым көлемінің әлі де жоғары екенін көрсетеді. Бас прокуратура жанындағы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің дерегіне сүйенсек, қаңтар–маусым аралығында елде 75 721 қылмыс тіркелген. Оның 5331-і есірткіге қатысты және барлық тіркелген қылмыстың 7%-ына тең.

Есірткіге қатысты тіркелген 5331 құқық бұзушылықтың 2763-і қылмыс, ал 2568-і қылмыстық теріс қылық ретінде сараланған. Заң бұзғаны үшін 1584 адам жауапқа тартылды. Олардың 1554-і Қазақстан азаматы, қалған 30 адам – шетел азаматтары. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, жауапқа тартылғандардың арасында 103 кәмелетке толмаған жас және 100 әйел бар. Бұл есірткі қылмысы қоғамның түрлі әлеуметтік топтарына таралып отырғанын аңғартады.

Тәркіленген есірткі көлемі де ауқымды. Жарты жылдың ішінде заңсыз айналымнан 6,61 тоннадан астам қарасора, 2,57 тонна марихуана, 36,6 келі қарасора шайыры (гашиш), 41,9 келі көкнәр сабаны, 4 келіден астам героин, 7,7 келі метамфетамин, 33,6 келі мефедрон, 20 келіге жуық α-PVP, 1,5 келі МХЕ, 1,2 келі MDMA, сондай-ақ синтетикалық каннабиноидтар мен басқа да психобелсенді заттар тәркіленді. Егер салмақ бойынша қарасақ, ең үлкен үлесті табиғи есірткілер – қарасора мен марихуана құрап отыр. Алайда көлемі аз болғанымен, синтетикалық есірткілердің қауіптілігі әлдеқайда жоғары. Өйткені бірнеше грамының өзі ондаған, тіпті жүздеген доза жасауға жетеді.

Инфокесте: AI/Tizgin.kz

Синтетикалық есірткінің таралуына тосқауыл қою үшін оларды өндіруге арналған шикізатқа да тосқауыл қажет. Жарты жылда 15 миллион грамнан астам прекурсор табылған. Бұл – синтетикалық есірткі жасауға пайдаланылатын химиялық заттар. Мұндай көлемнің анықталуы құқық қорғау органдарының дайын өнімді ғана емес, өндіріс тізбегін де бұзуға күш салып жатқанын көрсетеді.

Бұдан бөлек, құқық қорғау органдарының бірлескен жедел іс-шаралары барысында заңсыз айналымнан 141,4 тоннадан астам есірткі мен психотроптық зат алынды. 5 заңсыз апиын көкнәрі алқабы, 5 сора алқабы және 32 жерде жабайы қарасора өсетін аумақ анықталған.

Салыстырып қарасақ, 2025 жылдың бірінші 6 айында елімізде есірткіге қатысты 6299 құқық бұзушылық тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 5331-ге дейін төмендеп, 968 жағдайға немесе 15,4% азайды. Оның ішінде қылмыстар саны 2877-ден 2763-ке (-4%), ал қылмыстық теріс қылықтар 3422-ден 2568-ге дейін (-25%) қысқарған.

Бас прокурор Берік Асыловтың ведомствоның бірінші жартыжылдықтағы қызмет қорытындысы туралы кеңейтілген алқа отырысында қылмыспен күресте оң серпін байқалған.

“Прокурорлардың қабылдаған шараларының нәтижесінде 2025 жылдан бері 530 мың «дропперлік» шот бұғатталып, 2,6 млрд теңге көлеміндегі есірткіден түскен заңсыз кірістерге тосқауыл қойылды, сондай-ақ осы бағыттағы 10 мың сайттың қызметі тоқтатылды, – деген болатын ол.

Ал «Қарасора – 2026» жедел-профилактикалық іс-шарасының аясында шілде айының алғашқы он күнінде құқық қорғау органдары заңсыз айналымнан 760 келі есірткі тәркіледі. Оның ішінде 121 келіден астамы синтетикалық есірткі болса, тағы 266 келі прекурсор айналымнан шығарылған.

Осы 10 күнде есірткіге қатысты 187 заңсыздық тіркелген. Оның 101-і қылмыс, 86-сы қылмыстық теріс қылық санатына жатады. Жедел іс-шаралар кезінде 46 есірткі өткізу арнасының жолы кесіліп, аса ірі мөлшерде есірткі сақтаудың төрт фактісі, құрамында есірткісі бар өсімдіктерді заңсыз өсірудің 40 дерегі және төрт контрабанда фактісі әшкереленді.

Мысалы, Астанада сақшылар 26 жастағы қала тұрғынын қолға түсірген. Тінту кезінде пәтерінен 227 орамаға бөлінген, жалпы салмағы 245 грамм α-PVP синтетикалық есірткісі табылды. Күдікті бұл затты елорда аумағында таратпақ болған.

Back to top button