Қазақстанда онлайн сатуға тыйым салынған тауарлардың бірыңғай тізімі бекітілді
Онлайн саудаға жаңа шектеу қойылды
Сауда және интеграция министрлігі электрондық сауда алаңдарында орналастыруға және сатуға тыйым салынған немесе шектеу қойылған тауарлардың бірыңғай тізімін жасады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Құжат Қазақстан Республикасының «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңына сәйкес, мүдделі мемлекеттік органдардың өз құзыреті шегінде ұсынған мәліметтері негізінде әзірленді. Тізімге Қазақстан заңнамасына сәйкес айналымына, оның ішінде электрондық сауда арқылы сатылуына тыйым салынған немесе шектеу қойылған тауарлар енгізілген.
Тізімге айналымы толықтай тыйым салынған немесе заңмен шектелген әртүрлі санаттағы тауарлар енді. Олардың қатарында қару–жарақ пен оқ–дәрілер, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың жекелеген түрлері, есірткі және психотроптық заттар, алкоголь және темекі өнімдері, арнайы техникалық құралдар, сондай-ақ заңнамамен шектеу қойылған басқа да тауарлар бар.
Бұл тізім заңнамаға енгізілетін өзгерістер мен мемлекеттік органдардан келіп түсетін жаңа ақпаратқа сәйкес тұрақты түрде жаңартылып отырады. Онымен министрліктің ресми интернет-ресурсындағы электрондық сауда бөлімі арқылы танысуға болады.
Ведомствоның мәліметінше, тізімді жариялау электрондық сауданың ашықтығын арттыруға бағытталған. Бұл маркетплейстердің иелеріне, интернет-дүкендерге, сатушыларға және нарықтың басқа да қатысушыларына қолданыстағы шектеулер туралы өзекті ақпаратты жедел алып, тауарларды орналастыру мен сату кезінде заң талаптарын сақтауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, бірыңғай тізім электрондық сауда алаңдарына тауар карточкаларын модерациялау кезінде бірыңғай тәсілді қолдануға, ал сатушыларға өз өнімдерін сатуға рұқсат етілетінін алдын ала бағалауға көмектеседі.
Министрлік бұл тізімнің ақпараттық-анықтамалық сипатқа ие екенін атап өтті. Ол қолданыстағы заңнама нормаларын жүйелеп, оларды пайдаланушылар үшін қолжетімді әрі қолдануға ыңғайлы етеді.