$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
TOP-1Жаңалықтар

Қазақстанда микроқаржы ұйымдары мен коллекторларды қадағалау тәртібін өзгерту ұсынылды

Қазақстанда микроқаржы ұйымдары мен коллекторлық қызметті қадағалаудың екі деңгейлі моделін енгізу ұсынылды. Оның аясында өзін-өзі реттейтін ұйымдар шағымдарды қарап, кәсіби стандарттардың сақталуын тексере алады. Ал мемлекеттік реттеуші тәуекелі жоғары ұйымдар мен жүйелі заңбұзушылықтарға басымдық бермек, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Шағымдарды қарауға кәсіби қауымдастық қатысады

Бұл ұсынысты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов Орталық Азия микрофинанс форумында таныстырды. Қизатовтың айтуынша, нарықтағы барлық ұйымды бірдей қарқынмен мемлекеттік бақылаумен қамту іс жүзінде қиын. Сондықтан агенттік микроқаржы және коллекторлық қызмет салаларында өзін-өзі реттеу институтын енгізуді ұсынып отыр. Ұсынылған модельдің бірінші деңгейінде өзін-өзі реттейтін ұйымдар жұмыс істейді. Олар тұтынушылар мен өз мүшелерінің өтініштерін қарап, талаптар мен кәсіби стандарттардың орындалуын тексере алады. Сондай-ақ кемшіліктерді анықтап, ішкі құжаттарында көзделген ықпал ету шараларын қолдануға мүмкіндік алады.

Қизатов ұсыныстың мәнін былай түсіндірді:

«Сондықтан біз қадағалаудың екі деңгейлі моделін ұсынамыз. Бірінші деңгей – өзін-өзі реттейтін ұйым түріндегі кәсіби қауымдастық. Өзін-өзі реттейтін ұйым тұтынушылар мен өз мүшелерінің өтініштерін қарай алады, талаптар мен кәсіби стандарттардың сақталуын тексере алады, кемшіліктерді анықтап, ішкі құжаттарда көзделген ықпал ету шараларын қолдана алады», – дейді ол.

Агенттік кәсіби қауымдастық өзін-өзі реттейтін ұйымдарды құруға және жұмыс стандарттарын қалыптастыруға белсенді қатысады деп күтеді.

Мемлекеттік қадағалау сақталады

Екінші деңгейде агенттік ең елеулі тәуекелдерге қатысты қадағалауды күшейтпек. Реттеуші ресурстарын тәуекелі жоғары ұйымдарға, жүйелі заңбұзушылықтарға және тұтынушыларға елеулі қауіп төндіретін әрекеттерге шоғырландыруды көздейді. Қизатовтың түсіндіруінше, өзін-өзі реттеудің міндеті – мемлекеттік қадағалауды алмастыру емес, оның нақты тәуекелдерге бағытталуын және тиімділігін арттыру.

Осылайша, кәсіби қауымдастық нарықтағы талаптар мен стандарттардың сақталуына көбірек жауапкершілік алмақ. Ал агенттік тұтынушылардың мүддесіне қауіп төндіретін жағдайларға басым назар аударады. Әзірге бұл – ұсынылған модель. Қизатов баяндамасында оны енгізудің нақты мерзімін атаған жоқ.

АЯН ӨРІБАЙ

Аян Өрібай – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының бас редакторы, Tizgin ЖШС директоры. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын ШҚО Ақпараттық орталығында маман болып бастап, Өскемендегі облыстық «Менің Өлкем» жекеменшік газетінде тілші қызметін атқарған. Кейін Астанадағы «ҚазАқпарат» ХАА-да тілші, Ulysmedia.kz порталында арнайы тілші болып еңбек еткен. «Үркер» ұлттық сыйлығының иегері.
Back to top button