$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
Жаңалықтар

Қазақстанда кейбір валюталық депозиттер бойынша шекті мөлшерлеме көтеріледі

Қазіргі уақытта депозиттерге кепілдік беру жүйесіне 20 банк қатысады.

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) Қазақстандағы кейбір валюталық депозиттер бойынша шекті мөлшерлеменің көтерілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Мөлшерлеме 2,5%-ға дейін көтеріледі

ҚДКБҚ мәліметінше, 2026 жылғы 1 қазаннан бастап жеке тұлғалардың депозиттері бойынша мөлшерлемелерді реттеуді ырықтандыру аясында кейбір валюталық депозиттердің шекті мөлшерлемесі өзгереді.

Бұл кезеңде өзгеріс мерзімі 12 айдан асатын жинақ депозиттеріне ғана қатысты болады. 1 қазаннан бастап мұндай депозиттер бойынша шекті мөлшерлеме жылдық 1%-дан 2,5%-ға дейін көтеріледі.

Жаңа шекті мөлшерлемелер 2026 жылғы 1 қазаннан кейін ашылған немесе мерзімі ұзартылған депозиттерге ғана қолданылуы мүмкін.

Банктер мөлшерлемені өздері белгілейді

Қордың түсіндіруінше, шекті мөлшерлемелер шетел валютасындағы депозиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін белгілеуге арналған ұсынылатын жоғарғы шек болып саналады.

Бұл ретте банктер өз депозиттік өнімдері бойынша клиенттерге ұсынылатын сыйақы мөлшерлемесінің деңгейін дербес анықтайды.

Қазір мерзімді және мерзімсіз депозиттер бойынша, сондай-ақ кез келген мерзімге ашылатын депозиттер мен 12 айға дейінгі жинақ депозиттері бойынша шекті мөлшерлеме өзгеріссіз – 1% болып қалады.

Долларландыру деңгейі төмендеді

ҚДКБҚ бұл шешімге Қазақстан Ұлттық банкінің депозит нарығын дедолларизациялау саясатының нәтижесінде қол жеткізілгенін атап өтті.

Депозиттердің долларлану деңгейі 2015 жылғы 80%-дан 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 19,2%-ға дейін төмендеген.

Сонымен қатар оң макроэкономикалық жағдай мен бір жылға жуық уақыт бойы байқалған теңгенің нығаю үрдісі Ұлттық банк пен ҚДКБҚ-ға валюталық нарықтағы реформаларды жалғастырып, шетел валютасындағы депозиттер бойынша мөлшерлемелерді реттеудің қолданыстағы тәсілдерін кезең-кезеңімен ырықтандыруға мүмкіндік берген.

ҚДКБҚ-ның жеке тұлғалардың шетел валютасындағы депозиттері бойынша кепілдік беретін ең жоғары сомасы өзгеріссіз қалады.

Депозиттерге берілетін кепілдік мөлшері

ҚДКБҚ әр банктегі әрбір қазақстандық салымшының жинағына заңнамалық тұрғыда кепілдік береді:

  • 20 млн теңгеге дейін – теңгедегі жинақ депозиттері бойынша, оның ішінде сыйақы сомасымен бірге;
  • 10 млн теңгеге дейін – теңгедегі басқа депозиттер, сондай-ақ ағымдағы шоттар мен төлем карталары бойынша, оның ішінде сыйақы сомасымен бірге;
  • 5 млн теңгеге дейін – АҚШ доллары, еуро және басқа да шетел валютасындағы депозиттер, карталар мен шоттар бойынша, оның ішінде сыйақы сомасымен бірге.

ҚДКБҚ мөлшерлемелерді не үшін реттейді?

Қордың мәліметінше, депозиттер бойынша сыйақы мөлшерлемелерін реттеу банктер арасындағы бәсекелестікті ынталандыру, банк секторында жүйелік тәуекелдердің жинақталуына жол бермеу және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button