Жаңалықтар

Қазақстанда жылына 10 млн тонна мұнай өңдейтін жаңа зауыт салынады

Қазақстан мұнай өңдеу қуатын жылына 40 млн тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Ол үшін жұмыс істеп тұрған зауыттар кеңейтіліп, қуаты 10 млн тонна болатын жаңа ірі мұнай өңдеу зауыты салынады, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.

Мұнай өңдеу көлемі артып келеді

Энергетика министрлігінің мәліметінше, Қазақстан мұнайды тек шикізат күйінде экспорттауға негізделген модельден біртіндеп бас тартып, қосылған құны жоғары дайын өнім өндіруге басымдық бере бастады. 2024 жылы елімізде 18,3 млн тонна мұнай өңделді. Бұл жоспарланған көрсеткіштен 2,23 пайызға көп. Осы кезеңде өндірілген мұнай өнімдерінің көлемі 14,75 млн тоннаға жетті.

2025 жылы мұнай өңдеу көлемі 18,4 млн тоннаға дейін ұлғайып, жоспардан 4,5 пайызға жоғары болды. Ал мұнай өнімдерінің өндірісі 15,47 млн тоннаны құрады. Бұл белгіленген межеден 6,3 пайызға артық. 2026 жылы Қазақстанда 15,49 млн тонна мұнай өнімін өндіру жоспарланып отыр. Осылайша, соңғы жылдары мұнай өңдеу көлемі ғана емес, дайын өнім шығару көрсеткіші де біртіндеп өсіп келеді.

Жаңа зауыт салынып, қолданыстағы кәсіпорындар кеңейтіледі

Үкімет мұнай өңдеу саласын дамытудың 2025–2040 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті. Құжаттағы негізгі міндеттердің бірі – өндірістік қуатты арттырып, жұмыс істеп тұрған мұнай өңдеу зауыттарының тиімділігін көтеру. Тұжырымдамаға сәйкес, қолданыстағы зауыттардың жиынтық қуаты жылына 18 млн тоннадан 29 млн тоннаға дейін ұлғайтылады. Сонымен қатар жылына 10 млн тонна мұнай өңдей алатын жаңа ірі зауыт салу жоспарланған. Нәтижесінде Қазақстанның жалпы мұнай өңдеу қуаты жылына 40 млн тоннаға дейін жетуге тиіс.

Бұдан бөлек, мұнайды өңдеу тереңдігін қазіргі 89 пайыздан 94 пайызға дейін арттыру көзделіп отыр. Мотор отындарының өндірісі ұлғайтылып, мұнай-химия саласын дамытуға басымдық беріледі. Мұнай өнімдерінің сапасы да экологиялық К4 стандартынан К5+ деңгейіне кезең-кезеңімен көшіріледі.

Министрлік аталған жобалар жүзеге асқан жағдайда Қазақстан отандық шикізатты тиімді пайдаланып, мұнай өнімдерінің түрі мен өндіріс көлемін ұлғайта алатынын атап өтті. Бұл жекелеген өнімдер бойынша импортқа тәуелділікті азайтып, мұнай-химия саласының дамуына жаңа мүмкіндік бермек.

Осылайша, елдің мұнай-газ секторындағы негізгі басымдық шикізатты сыртқа шығарудан толық өндірістік цикл құруға қарай ауысып келеді. Ендігі мақсат – мұнайды көбірек өндіру ғана емес, оны ел ішінде терең өңдеп, қосылған құны жоғары өнім шығару.

Back to top button