Қазақстанда жұмыс берушілерге жаңа талап қойылды: нені білу керек
Компаниялар бос жұмыс орындары пайда болған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оларды еңбек биржасына орналастыруға міндетті.
Қазақстандықтардың жұмысқа орналасу тәртібі, бос жұмыс орындарын жариялау және жұмыссыздық бойынша есепте тұрған азаматтарды есептен автоматты түрде шығару ережелерін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі түсіндірді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Бос жұмыс орындарын уақытында жариялау міндетті
Министрліктің мәліметінше, компаниялар бос жұмыс орындары туралы ақпаратты Enbek.kz электрондық еңбек биржасына вакансия пайда болған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде орналастыруға міндетті. Жұмысқа орналасу туралы мәліметтер мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы автоматты түрде есепке алынады.
«Бос жұмыс орындарын орналастыру мерзімдерін сақтамағаны, сондай-ақ қызметкерлерді алдағы уақытта жұмыстан босату туралы мәліметтерді ұсынбағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Құқық бұзушылықтың сипаты мен қайталануына қарай ескерту жасалып, ал заң бұзушылық қайталанған жағдайда айыппұл салу шаралары көзделген», – деп ескертті министрлік.
Қазақстанда жұмыссыздар есебінен шығару тәртібі өзгерді
Жұмыссыз ретінде есепте тұрған қазақстандықтарды жұмысқа орналастыру процесі автоматтандырылды. Азамат жұмысқа орналасқан жағдайда бұл туралы бес жұмыс күні ішінде мансап орталығына өзі хабарлауы тиіс. Алайда азаматтың бұл туралы хабарласпауы оның мәртебесін жаңартуға кедергі келтірмейді.
«Азаматты жұмыссыздар қатарынан автоматты түрде шығаруға бірыңғай жүйеде (БЖТЖ) электрондық еңбек шартының тіркелуі немесе жұмыс берушіден алғашқы міндетті зейнетақы жарнасының түсуі негіз бола алады. Осылайша, азаматтың жұмысқа орналасқаны туралы мәлімет мемлекеттік ақпараттық жүйелерге келіп түскен жағдайда, оның мансап орталығына қосымша жүгінуіне қажеттілік жоқ», – деп түсіндірді ведомство.
Министрлік сондай-ақ жұмыс берушілерді міндетті әлеуметтік және зейнетақы аударымдарын уақытылы жүргізуге шақырды.