ЖаңалықтарҚоғам

Қазақстанда жұмыс берушілер қызметкерлерді скринингтен өту үшін жұмыстан босатуға міндеттелді

Егер алғашқы тексеру нәтижесінде ауытқулар анықталса, емхана дәрігері пациентті цифрлық жүйе арқылы скринингтің екінші кезеңіне жібереді.

Қазақстанда 28 шілдеден бастап жұмыс берушілер қызметкерлерге скринингтік тексерулерден өту үшін жұмыс уақытында кедергісіз босатып, олардың жұмыс орнын және орташа жалақысын сақтауға міндетті. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Қазақстанда скринингтен өтуге қатысты жаңа талап енгізілді

3 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек заңнамасын жетілдіруге бағытталған өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойған болатын. Құжатқа сәйкес, жұмыс берушілер қызметкерлерге скринингтен өтуге мүмкіндік жасап, осы кезеңде олардың жұмыс орны мен орташа жалақысын сақтауы тиіс.

Скринингтік тексерулер амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін мемлекеттік және жекеменшік медициналық ұйымдарда жүргізіледі. Қажет болған жағдайда жылжымалы медициналық кешендер мен медициналық пойыздар пайдаланылады. Қатерлі ісіктерді ерте анықтауға арналған скринингтер ірі қалалардағы 30 мыңнан астам тұрғыны тіркелген емханаларда ұйымдастырылады. Бұл мекемелерде орталықтандырылған скрининг орталықтары мен call-орталықтар жұмыс істейді.

Қазақстанда кімдер міндетті түрде скринингтен өтеді?

Құжатта:

«Жұмыс берушілер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде скринингтік тексеруден өтуге жататын қызметкерлерге қажетті жағдай жасап, оларды жұмыс уақытында кедергісіз босатуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жұмыс орны мен орташа жалақысын сақтауға міндетті», – деп жазылған.

Жаңа өзгерістерге сәйкес, В және С вирустық гепатиттерін ерте анықтауға арналған скринингтен үш жылда бір рет:

  • 18 жастан асқан, бұрын В және С созылмалы вирустық гепатиттері бойынша диспансерлік есепте тұрмаған ерлер мен әйелдер;
  • жүктілік бойынша есепте тұрмаған әйелдер өтеді.

Өкпе обырын ерте анықтауға арналған скринингке бронх пен өкпенің қатерлі ісіктері бойынша диспансерлік есепте тұрмайтын 50–70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер жіберіледі. Скринингтен:

  • темекі шегу өтілі 20 пачка-жыл болатын азаматтар;
  • темекіні тастағанына 15 жылдан аспаған адамдар;
  • соңғы 10 жыл бойы зиянды еңбек жағдайында жұмыс істеген қызметкерлер өтеді.

Скрининг нәтижесінде ауру анықталса не болады?

Егер алғашқы тексеру нәтижесінде ауытқулар анықталса, емхана дәрігері пациентті цифрлық жүйе арқылы скринингтің екінші кезеңіне жібереді. Соңғы кезеңде дәрігер барлық нәтижелерді талдап, қорытынды диагноз қояды, мәліметтерді ақпараттық жүйеге енгізіп, пациентке нәтижелер туралы хабарлайды.

Егер ешқандай ауру анықталмаса, бұл қорытынды жүйеде тіркеледі. Созылмалы ауру анықталған жағдайда пациент диспансерлік есепке алынып, динамикалық бақылауға қойылады. Ал жіті аурулар анықталса, қажетті тексерулер жүргізіліп, ем тағайындалады және сауығып кеткенге дейін бақылауда болады.

Егер мақсатты топтағы азамат белгіленген мерзімде скринингтен өтпесе, ол тексеруден келесі күнтізбелік жыл ішінде өте алады. Бұл ретте скринингтің белгіленген мерзімділігі өзгермейді.

Жұмыс беруші заң талабын орындамаса, қайда жүгіну керек?

Скрининг аяқталғаннан кейін дәрігер ақпараттық жүйеге зерттеу нәтижелерін, қауіп факторларын, қорытынды диагнозды, қосымша тексеру мен бақылауға қатысты ұсынымдарды, сондай-ақ скринингтің аяқталу себебін (тексеруден өтті, мерзімі аяқталды, пациент қайтыс болды немесе басқа емханаға тіркелді) енгізеді.

Егер жұмыс беруші қызметкерді скринингтен өту үшін жұмыстан босатудан бас тартса, азаматтар Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің аумақтық департаментіне шағымдана алады. Өтінішті жеке өзі немесе e-Otinish порталы арқылы беруге болады. Шағымға еңбек қызметін растайтын құжаттар қоса тіркелуі тиіс. Өтініш 15 жұмыс күні ішінде қаралады.

Back to top button