TOP-2Пікір

Қазақстанда ипотека неге қымбат – Сарапшы түсіндірді

Неліктен Еуропада ипотека 3–4%-бен берілсе, Қазақстанда оның мөлшерлемесі 18–20%-ға дейін жетеді? Жеке даму саласының сарапшысы Азамат Скаковтың подкастына келген экономист, бизнес мектебінің директоры Мақсат Халық мұның негізгі себептері ретінде елдегі жоғары инфляцияны, қаржылық тәуекелдерді және қайтарылмайтын несиелердің көптігін атады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«Көп адам «Еуропада ипотека 3-4 пайызбен беріледі, ал неге Қазақстанда 18-20 пайызбен береді?» деп сұрайды. Оған негізінен екі себеп бар. Бірінші себеп, біздің дамушы ел болғандығымыз. Ол үлкен рөл ойнайды. Ол мемлекеттер қаржылық тұрақтылыққа баяғыда қол жеткізген. Ол мемлекеттердің қаржылық рейтингтік дәрежесі бар. Біздің елді қаржылық  мүмкіндік жағынан тұрақталған ел деп айта алмаймыз», – дейді Мақсат Халық.

Оның айтуынша, Қазақстанда инфояция жоғары.

«Екінші себеп, елімізде инфляция жоғары. Инфляция жыл сайын кемі 10 пайыз болып тұрады, яғни жыл сайын Сіздің ақшаңыз кемі 10 пайызға құнсызданады. Қолыңызда 1 миллион теңге болса, келесі жылы 100 мың теңгеге құны жоқ болып қалады. Пандемия кезінде инфляция 20 пайыз болып кетті. Бұл – ресми ақпарат, ал бейресми түрде инфляция қандай болғанын айтпай қоюға да болады. Осының бәрі ескеріледі. Ипотеканы 15-20 жылға беріп жатса, демек банк осындай тәуекелді 15-20 жылға бірақ есептейді. Нәтижесінде бір үйдің үстіне бір үйдің қаражатын төлейтіндей шығады. Инфляцияның жоғары болуы осындай шешімге алып келеді»,  – дейді экономист.

Сарапшының айтуынша, банк саласында «қайтарымсыз несие» деген ұғым бар.

«Қайтарымсыз несие» деген, яғни алынған әр үш несиенің біреуі қайтпай қалады. Статистика бойынша солай. Демек несие берген кезде тұрақты, уақытылы төлей алатын екі адамның мойнына қосымша іліп береді. Несие пайызы жоғары болып жатқанына – осыдан 10 жыл бұрын несие алып, төлемей қойған адамдардың әрекеттері әсер етіп жатыр деп айтуға болады», – дейді ол.

Ол банкке барған кезде менеджерге қандай сұрақ қою керек екеніне тоқталып өтті.

«Банк менеджерлері клиентке пайыздық мөлшерлемені айтпайды. Клиент сұраса – жауап беруге міндетті, ал көп адам ол туралы сұрамайды. Қаржы менеджерінен ең алдымен жылдық тиімді пайыздық мөлшерлеме туралы сұрау керек. Бұл алып жатқан несиенің жыл сайынғы нақты пайызын көрсетеді. Ерінбей-жалықпай 4-5 банкті аралап, жылдық тиімді пайыздық мөлшерлемесін сұрап көру керек. Негізі тұтынушылық несиелер шамамен 40 пайызбен беріліп жатыр. Кепілсіз несие болғаны үшін 10 пайыз артық алады, инфляция және алдағы уақытта төлей алмай қалуы мүмкін екені ескеріліп, ол үшін де алдын ала пайыз қосылады, оған қоса банк өзіне пайда табу үшін тағы пайыз қосады, сөйтіп ең соңында кемі 40 пайыз болып қалады», – дейді Мақсат Халық.

Back to top button