Қазақстанда ипотека мен автонесиеге сұраныс күрт өсті
Банктер ипотека мен автонесиеге сұраныс әлі де өседі деп болжап отыр
2026 жылдың екінші тоқсанында қазақстандықтар ипотека мен автонесие алуға бұрынғыдан жиі өтінім бере бастаған. Ипотекаға берілген өтінім саны бір тоқсанда 19 пайыз, ал автонесиеге сұраныс 20 пайыз өсті. Мұндай дерек 21 екінші деңгейлі банк қатысқан Ұлттық банк сауалнамасында келтірілген, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ипотекаға өтінім көбейді
Екінші тоқсанда ипотека алуға берілген өтінім саны 19 пайыз артып, 228 мыңға жеткен. Бір өтінімнің орташа сомасы да 5 пайыз өсіп, 21,5 млн теңгені құрады.
Ұлттық банк ипотекаға қызығушылықтың артуын мемлекеттік және өңірлік тұрғын үй бағдарламаларымен, сондай-ақ жекелеген банктердің ипотекалық өнімдерін қайта іске қосуымен байланыстырады.
Сұраныспен бірге банктер мақұлдаған өтінімдердің үлесі де өскен. Бір тоқсанда бұл көрсеткіш 10 пайыздық тармаққа артып, 33 пайызға жетті. Яғни ипотека алуға өтініш берген әрбір үшінші азаматтың сұранысы мақұлданған.
Автонесие нарығында да белсенділік күшейді. Үш ай ішінде банктерге 1,5 млн өтінім берілген. Бұл алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда 20 пайызға көп. Алайда өтінімнің орташа сомасы 3 пайыз төмендеп, 7 млн теңгені құрады.
Реттеуші мұны автосалондар ұсынған жеңілдіктермен, мөлшерлемесі субсидияланған бағдарламалармен және банктердің ресми дилерлермен ынтымақтастығының кеңеюімен түсіндіреді. Дегенмен банктер автонесиеге берілген өтінімдердің бестен біріне де жетпейтін бөлігін мақұлдап отыр. Бұл көрсеткіш 3 пайыздық тармаққа өсіп, 18 пайызды құрады.
Тұтынушы несиесі баяулап, бизнес белсенділігі артты
Кепілсіз тұтынушылық несиеге берілген өтінім саны айтарлықтай өзгермеген. Екінші тоқсанда банктерге 15,9 млн өтінім түскен. Бірақ сұралған қарыздың орташа көлемі 10 пайыз ұлғайып, 1 млн 62 мың теңгеге жетті.
Ұлттық банктің мәліметінше, бұған жалақы жобаларының кеңеюі, қайта қаржыландыру бағдарламалары мен маркетингтік акциялар әсер еткен. Сондай-ақ банктердің бірі несие алушыны бағалау талаптарын жеңілдеткен. Кепілсіз тұтынушылық несие бойынша мақұлданған өтінімдер үлесі бір пайыздық тармаққа өсіп, 33 пайыз болды.
Корпоративтік нарықта ірі және орта бизнестің несиеге сұранысы артқан. Ал шағын және микробизнес тарапынан айтарлықтай өзгеріс байқалмады.
Орта бизнестен түскен өтінім саны 4 пайыз өсіп, 5,3 мыңға жетті. Бір өтінімнің орташа сомасы 3 пайыз ұлғайып, 927 млн теңгені құрады. Банктер мұндай өтінімдердің 39 пайызын мақұлдаған.
Үшінші тоқсанда қаржы ұйымдары ипотека мен автонесиеге сұраныс одан әрі артады деп болжап отыр. Кепілмен берілетін тұтынушылық несиеге қызығушылық қазіргі деңгейде сақталуы мүмкін. Ал кепілсіз қарыздарға сұраныс біршама төмендейді деген болжам бар. Корпоративтік сегментте ірі бизнестің несиеге қызығушылығы күшейеді деп күтіледі.