Қазақстанда доллар бағамы мамыр айындағы деңгейге дейін төмендеді
Доллар бағамы бір тәулік ішінде тағы 5 теңгеге төмендеп, мамырдағы көрсеткішке тұрақтады. Еуро да дәл осылай арзандады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Сейсенбі күні екі аптаға жуық созылған тыныштықтан кейін, доллардың биржалық бағамы 480,72 теңгеге дейін төмендеді. Кеше бұл көрсеткіш 479,26 теңге болса, бүгін құлдырау үрдісі одан әрі жалғасты.
Қазақстан қор биржасындағы (KASE) бүгінгі шетел валютасы саудасының қорытындысы бойынша, доллардың орташа өлшенген бағамы 474,47 теңгені құрады. Осылайша, америкалық валюта бір тәулікте тағы 5 теңгеге арзандады. Бұдан төмен көрсеткіш (бір долларға 472,48 теңге) соңғы рет биржада 2026 жылдың 25 мамырында тіркелген еді.
Ел мегаполистеріндегі айырбастау орындары бүгін сағат 15:30-да, Kurs.kz порталының мәліметінше, қолма-қол долларды сатып алу және сату бағамын төмендегідей белгіледі:
-
Астана: сатып алу – 472 теңге, сату – 479 теңге;
-
Алматы: сатып алу – 470 – 476 теңге, сату – 476,5 – 480 теңге;
-
Шымкент: сатып алу – 475 – 476 теңге, сату – 477 – 478 теңге.
Бір тәулік ішінде еуро бағамы да 5 теңгеден астамға құлдырады. Бүгін сағат 15:30-дағы еуроның орташа өлшенген құны – 540,57 теңге.
Ал еліміздегі айырбастау орындарында қолма-қол еуро бағамы былайша құбылды:
-
Астана: сатып алу – 539 теңге, сату – 549 теңге;
-
Алматы: сатып алу – 536 – 543 теңге, сату – 544 – 550 теңге;
-
Шымкент: сатып алу – 537 – 543 теңге, сату – 543 – 550 теңге.
Еске сала кетейік, ұлттық валютамыз 2026 жылы әлемдегі ең серпінді нығайған валюталардың қатарынан көрінді. Маусым айында теңге рубльге шаққанда да соңғы жылдардағы ең жоғары өсімді көрсеткен болатын.