Қазақстанда депозит сыйақысына 5% салық салына ма? Министрлік жауап берді
Жеке тұлғалардың банктік депозиттерінен алатын сыйақысына 5 пайыздық салық енгізу жоспарланып отырған жоқ. Ұлттық экономика министрлігі әлеуметтік желілерде тараған ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде қазақстандықтардың банктегі салымдары бойынша алатын сыйақысына 5 пайыз көлемінде салық салынуы мүмкін деген ақпарат тараған. Яғни азаматтың депозиттегі ақшасының өзіне емес, банк төлейтін сыйақы түріндегі табысына салық салынатыны айтылған.
Алайда Ұлттық экономика министрлігі мұндай ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.
Депозит сыйақысына жеке табыс салығы салынбайды
Министрлік қолданыстағы Салық кодексіне сәйкес жеке тұлғалардың банктердегі салымдары мен депозиттері бойынша алатын сыйақысы жеке табыс салығына жатпайтынын еске салды.
«Салық кодексіне сәйкес, жеке тұлғалардың банктердегі салымдары мен депозиттері бойынша төленетін сыйақыға жеке табыс салығы салынбайды», – деп мәлімдеді Ұлттық экономика министрлігі.
Демек, азаматтың депозитіне банк есептейтін сыйақыдан жеке табыс салығын ұстап қалу қарастырылмаған.
Ұлттық экономика министрлігі тағы бір маңызды жайтты нақтылады: Үкімет депозит сыйақысын жеке табыс салығынан босататын қолданыстағы норманы алып тастауды жоспарлап отырған жоқ.