Жаңалықтар

Қазақстанда ауа райы күрт өзгереді: 22-24 шілдеге арналған ауа райы болжамы

Жауын-шашын әсерінен аптап ыстық біртіндеп бәсеңдейді.

«Қазгидромет» синоптиктері Қазақстан бойынша 22, 23 және 24 шілдеге арналған ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Астанада жаңбыр, найзағай және бұршақ күтіледі

22 шілде күні Астанада құбылмалы бұлтты ауа райы сақталады. Жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, күндіз кей жерлерде қатты жаңбыр жауып, бұршақ түсуі мүмкін.

Жел оңтүстік-батыстан соғып, кейін солтүстік бағытқа ауысады. Түнде желдің жылдамдығы секундына 5–10 метр болса, күндіз 9–14 метрге дейін күшейіп, екпіні 15–20 метрге жетеді.

Ауа температурасы түнде +13…+15°C, күндіз +22…+24°C болады.

23–24 шілде аралығында да құбылмалы бұлтты ауа райы сақталып, жаңбыр жауып, найзағай болады. Күндіз бұршақ түсуі ықтимал.

Жел солтүстік-шығыстан секундына 9–14 метр жылдамдықпен соғып, күндіз екпіні 15–20 метрге дейін күшейеді.

Температура түнде +13…+15°C, күндіз +23…+25°C болады.

Алматыда да жаңбыр жауады

22 шілде күні Алматыда құбылмалы бұлтты ауа райы күтіледі. Кей уақытта жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.

Жел оңтүстік-батыстан секундына 3–8 метр жылдамдықпен соғады, түнде екпіні 15 метрге дейін жетеді.

Ауа температурасы түнде +19…+21°C, күндіз +27…+29°C болады.

23–24 шілдеде де Алматыда құбылмалы бұлтты ауа райы сақталып, жаңбыр мен найзағай күтіледі.

Жел оңтүстік-батыстан секундына 3–8 метр соғып, күндіз екпіні 13 метрге дейін күшейеді.

Температура түнде +18…+20°C, күндіз +27…+29°C болады.

Қазақстанда ауа райы күрт өзгереді

21-24 шілде аралығында Қазақстан аумағының басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады.
Атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты республиканың басым бөлігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, жел күшейеді. Кейбір өңірлерде нөсер жаңбыр жауып, бұршақ түсіп, дауылды жел соғуы мүмкін.

Жауын-шашын әсерінен аптап ыстық біртіндеп бәсеңдейді. Күндіз ауа температурасы республиканың солтүстігі мен солтүстік-батысында +20…+30°С, орталығы мен шығысында +22…+35°С, ал оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерінде +27…+35°С болады.  Тек еліміздің батысында Иран аумағынан келетін ыстық ауа массаларының әсерінен жоғары температура сақталып, күндіз ауа температурасы +30…+42°С-қа дейін көтеріледі.

Back to top button