Без рубрики

Қазақстанда ақылы жолмен жүру құны көтерілуі мүмкін: министрлік себебін түсіндірді

Қазақстанда ақылы автомобиль жолдарымен жүру тарифтерін көтеру мәселесі қарастырылып жатыр. Жаңа өзгерістер аясында отандық тасымалдаушыларға мемлекеттік қолдау шараларын енгізу көзделген. Бұл туралы 4 қарашада Үкімет кулуарында көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Қазақстандағы ақылы жол тарифтері көрші елдерден төмен

Вице-министрдің айтуынша, жол инфрақұрылымын күтіп ұстау және оның жұмысын қамтамасыз ету тұрақты қаржыландыруды қажет етеді. Алайда Қазақстандағы ақылы жолдармен жүру құны бірқатар көрші мемлекетпен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Мақсат Қалиақпаров Ресей, Беларусь және Өзбекстандағы тарифтер Қазақстанға қарағанда екі-бес есе жоғары екенін атап өтті.

«Ресейде, Беларусь пен Өзбекстанда тарифтер біздегіден екі-бес есе жоғары. Яғни біздің тасымалдаушылар ол елдерде екі-бес есе көп төлейді, ал шетелдік тасымалдаушылар Қазақстанда іс жүзінде өте аз төлейді. Қазір халықаралық тәжірибені зерделеу үшін жұмыс тобы құрылды. Әрине, бұл тарифтерді көтеру мәселесін де қамтиды. Дегенмен отандық тасымалдаушылар үшін мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылады», – деді вице-министр.

Осылайша, министрлік ақылы жолдардағы төлем мөлшерін қайта қарауды жоспарлап отыр. Бұл ретте қазақстандық тасымалдаушылардың мүддесін қорғау мәселесіне ерекше назар аударылмақ.

Тарифтер қаншаға өседі және тауар бағасына әсер ете ме

Мақсат Қалиақпаров ақылы жолдармен жүру құны нақты қаншаға қымбаттайтынын әзірге айтқан жоқ. Оның түсіндіруінше, жоспарланған өзгерістер бірден емес, кезең-кезеңімен енгізіледі. Министрлік тарифтердің көтерілуі тасымалданатын тауарлардың бағасына айтарлықтай әсер етпейді деп есептейді.

«Біз барлық шығынды есептейміз. Тауардың жалпы құнындағы ақылы жолмен жүруге жұмсалатын шығынның үлесі бір пайызға да жетпейді», – деді вице-министр.

Осыған байланысты ведомство жол ақысының өсуі тауар бағасының едәуір қымбаттауына алып келмейді деген ұстанымда. Дегенмен тарифтердің нақты мөлшері, оларды көтеру мерзімі және отандық тасымалдаушыларға көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың тетіктері әзірге нақтыланған жоқ.

Ақылы жолдардан түскен қаражат қайда жұмсалады

Бұған дейін, 22 қыркүйекте, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Дархан Иманашев ақылы жолдардан жиналған қаражаттың қалай жұмсалатынын түсіндірген болатын. Оның айтуынша, бұл қаражат автомобиль жолдарын күтіп ұстауға, жол жабынын жаңартуға, таңбаларды қалпына келтіруге және жол бойына қоршаулар орнатуға бағытталады.

Сондай-ақ, соңғы үш жылда ақылы жолдардан түскен кіріс есебінен 1,8 мыңнан астам арнайы техника сатып алынған. Компания басшысы аталған жұмыстардың ақылы жолдардан жиналған қаржы есебінен жүргізілетінін, сондықтан осы мақсаттарға бюджеттен қосымша қаражат сұралмайтынын мәлімдеген еді.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button