Қазақстанда алғаш рет жолаушы мінген ұшқышсыз әуе кемесі ұшты
Екі жолаушыға арналған eVTOL әуе кемесі сынақтан өтті.
Астанада жолаушы мінген EH216-S ұшқышсыз әуе кемесінің тарихи демонстрациялық ұшуы өтті, деп хабарлайды Tizgin.kz.
eVTOL әуе аппараты алғаш рет көкке көтерілді
Көлік министрлігінің мәліметінше, тік ұшып-қонып, электр қуатымен қозғалатын (eVTOL) сериялық әуе аппараты «Future Games 2026» халықаралық турнирі аясында елордадағы арнайы рұқсат етілген аумақта сынақ ұшуын орындады. Бұл – Қазақстан тарихындағы жолаушы мінген ұшқышсыз әуе кемесінің алғашқы демонстрациялық ұшуы.
«Іс-шараға қатысушылар ұшқышсыз әуе жүйелерінің нақты жағдайда қолданылу мүмкіндіктерімен танысты. Әуе кемесі екі жолаушыны тасымалдауға арналған. Оның ең жоғары жылдамдығы сағатына 130 шақырымды құрайды, ал ұшу қашықтығы 35 шақырымға дейін жетеді», – деп жазылған хабарламада.
Ұшқышсыз әуе жүйелері туризм, медицина және логистикада пайдаланылмақ
Алғашқы кезеңде Қазақстанның табиғи, мәдени және тарихи көрікті жерлері үстімен ұзақтығы 5–30 минут болатын демонстрациялық және туристік бағыттарды іске қосу жоспарланып отыр. Болашақта мұндай ұшқышсыз жолаушылар әуе жүйелері қолданыстағы көлік түрлерін толықтырып, еліміздің заманауи көлік инфрақұрылымының бір бөлігіне айналады.
Жоба ұшқышсыз әуе жүйелерін түрлі салада пайдалануды көздейді. Атап айтқанда, оларды шұғыл медициналық көмек көрсетуге, дәрі-дәрмек жеткізуге, өрт сөндіру жұмыстарына, логистикаға және жедел әрекет етуді қажет ететін басқа да бағыттарға қолдану жоспарланған.
eVTOL әуе кемелерін Қазақстанда өндіруге жол ашылады
Сонымен қатар, жоба аясында Қазақстанда жолаушыларға арналған ұшқышсыз әуе жүйелерінің өндірісін кезең-кезеңімен өзімізде өндіру көзделіп отыр. Бұл жоғары технологиялы машина жасау саласын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өнеркәсіптік кооперацияны кеңейтуге мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда Көлік министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, қалалық әуе мобильдігін дамыту үшін қажетті құқықтық және инфрақұрылымдық негізді қалыптастыру жұмыстарын жүргізуде. eVTOL әуе кемелерін пайдалану, вертипорттардың қызметі және ұшқышсыз әуе қозғалысын басқару жүйесіне қатысты заңнамалық өзгерістер қабылданды. Бұл жаңа технологияларды Қазақстанның көлік жүйесіне қауіпсіз енгізуге қажетті жағдай жасайды.
Еске салсақ, биыл 24 шілдеде Астанада электрлі тік ұшып-қонатын әуе кемесі негізіндегі аэротаксидің демонстрациялық ұшуы өткен болатын. Қауіпсіздік талаптарына сәйкес сынақ ұшуы жолаушыларсыз орындалды.