Қазақстанда әйел курьерлерге заңгерлік және психологиялық көмек көрсетіледі
Жоба қиын немесе дағдарысты жағдайға тап болған әйел курьерлерге нақты көмек көрсетуге бағытталған.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Yandex Qazaqstan компаниялар тобы және «Іскер» қолдау орталығы» қоғамдық қоры әйел курьерлерге әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған үшжақты меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Қандай көмек көрсетіледі
Жоба аясында әйелдердің:
- құқықтық және қаржылық сауатын арттыру;
- мемлекеттік әлеуметтік қолдау шаралары туралы ақпарат алу;
- қажетті әлеуметтік қызметтерге қол жеткізу;
- білім беру және ақпараттық бағдарламаларға қатысу;
- құқықтық, психологиялық және гуманитарлық көмек алуына жәрдемдесу қарастырылған.
Қажет болған жағдайда медициналық көмек алуға да қолдау көрсетілуі мүмкін.
Көмектің түрі мен көлемі әр қатысушы үшін жеке белгіленеді. Бұл ретте оның өмірлік жағдайы мен отбасының қажеттіліктері ескеріледі.
Жобаға кімдер қатыса алады
Пилоттық жобаға Yandex Go қосымшасындағы «Тамақ», Lavka және «Жеткізу» сервистері арқылы тапсырыс орындайтын әйелдер қатыса алады.
Олар осы сервистерді кемінде төрт апта пайдаланған болуы керек. Сонымен қатар қатысушының қиын немесе дағдарысты жағдайда болуы ескеріледі.
Кімдерге басымдық беріледі
Әлеуметтік қолдауды қажет ететін әйелдерге басымдық беріледі. Олардың қатарында:
- балаларын жалғыз тәрбиелеп отырған әйелдер;
- көпбалалы аналар;
- мүгедектігі бар адамдар;
- ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған аналар;
- ауыр науқас отбасы мүшесіне күтім жасайтын әйелдер бар.
Әр өтініш жеке қаралып, отбасының жағдайы мен қажеттілігі ескеріледі.
Өтінішті қалай беруге болады
Қатысу шарттары мен өтініш беру тәртібі туралы ақпаратты Yandex Pro мобильді қосымшасындағы «Ынтымақтастық туралы негізгі ақпарат» бөлімінен және «Әйел курьерлерге көмек» мақаласынан білуге болады.
Қосымша ақпаратты тиісті сервистің қолдау қызметінен алуға мүмкіндік бар.
Жоба әзірге пилоттық режимде
Жоба әзірге пилоттық тәртіпте жүзеге асырылады. Оның нәтижесінде тараптар әйел курьерлердің әлеуметтік қолдауға қажеттілігін зерттеп, көрсетілетін көмектің тиімділігін бағалайды.
Бұл тәжірибе болашақта жобаны жетілдіріп, әлеуметтік қолдау тетіктерін кеңейтуге негіз болмақ.