Қазақстан сұйытылған газ экспортына тыйымды тағы алты айға ұзартпақ
Қазақстан сұйытылған мұнай газы, пропан мен бутанды шетелге шығаруға салынған тыйымды тағы жарты жылға ұзартуды жоспарлап отыр. Энергетика министрлігі тиісті бұйрық жобасын әзірлеп, қоғамдық талқылауға шығарды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Әзірге құжат жоба күйінде тұр
Бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Құжатта сұйытылған мұнай газын, пропан мен бутанды республика аумағынан автомобиль және теміржол көлігімен әкетуге алты ай мерзімге тыйым салу көзделген.
Ұсынылып отырған шектеу бұйрық күшіне енген күннен бастап қолданылады. Алайда әзірге құжат жоба күйінде тұр.
Министрлік шектеу себебін түсіндірді
Ведомство бұл шараның негізгі мақсаты Қазақстанның ішкі нарығын сұйытылған мұнай газымен тұрақты қамтамасыз ету екенін атап өтті.
Министрлік мәліметінше, жаңа бұйрық жобасы бұған дейін ведомствоаралық комиссия мақұлдаған тыйымның қолданылу мерзімін ұзартуды көздейді.
Құжатты әзірлеушілердің бағалауынша, шектеуді енгізу әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және өзге де теріс салдарға әкелмейді. Сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікке кері әсер етпейді деп күтіледі.