Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан жазғы Азия ойындарының төртінші жарыс күнінде Қазақстан құрамасы бір алтын, үш күміс және үш қола медаль иеленді. Ұлттық команданың қоржынындағы жүлде саны 19-ға жетіп, жалпы есепте төртінші орынға тұрақтады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Луценко Азия ойындарының алты дүркін чемпионы атанды
Күннің басты жетістігі шосседегі велоспорттан ерлер арасындағы топтық жарыста тіркелді. Алексей Луценко мәреге 4 сағат 13 минут 11 секундта жетіп, алтын медаль жеңіп алды. Осылайша, қазақстандық велошабандоз Азия ойындарының алты дүркін чемпионы атанды. Евгений Федоров отандасынан 1 минут 58 секундқа қалып, күміс жүлдеге ие болды. Тағы бір қазақстандық Николя Винокуров жарысты жетінші орында аяқтады.
Бұған дейін жеңіл атлет Кристина Морозова жартылай марафон қашықтығына спорттық жүрістен ел қоржынына күннің алғашқы медалін салған еді. Ол 1:35:25 нәтижесімен екінші орын алды. Қытайлық Ян Люцзин 1:33:40 көрсеткішімен жеңімпаз атанды. Қазақстандық Эльмира Калимуллина 1:43:21 нәтижесімен алтыншы келді. Стенд атудан әйелдер құрамасы да күміс медаль жеңіп алды. Әсем Орынбай, Зоя Пискун және Адель Садақбаева командалық скитте 336 ұпай жинады. Қытай құрамасы 357 ұпаймен бірінші, Үндістан 331 ұпаймен үшінші орынға жайғасты. Кейін Әсем Орынбай жекелей сында да жүлдеге ілікті. Ол финалда 28 нысананы дәл көздеп, қола медаль иеленді.
Қазақстанның қоржынында – 19 медаль
Семсерлесуден Артем Саркисян мен ушудан Әлижан Аблағатов та қола жүлдегер атанды.
Саркисян ширек финалда Олимпиада чемпионы До Гёндонды 15:14 есебімен жеңді. Алайда жартылай финалда үш дүркін Олимпиада чемпионы О Сан Укке 9:15 есебімен есе жіберді. Ал ушу-саньдадан 70 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Аблағатов ирандық Эрфан Мохаррамиге ұпай санымен ұтылды. Ушу-саньдадан тағы бір қазақстандық спортшы Абдурашид Абдуллаев финалға жолдама алды. Ол 75 келіге дейінгі салмақта Қытай Тайбэйінің өкілі Хуан Жанды техникалық нокаутпен жеңді. Алтын медаль үшін жекпе-жекте Абдуллаев ирандық Сохейл Мусавимен кездеседі.
Бокстан Сабыржан Аққалықов жарысты ерте аяқтады. Ол 80 келіге дейінгі салмақтың 1/8 финалында оңтүстіккореялық Ким Мин Сонға төрешілердің бөлінген шешімімен – 2:3 есебімен жеңіліп, жүлде жолындағы күрестен шықты.
Баскетболдың 3×3 түрінен Қазақстан әйелдер құрамасы Қатарды 17:8 есебімен ұтты. Команда А тобында екінші орын алып, плей-офф кезеңіне өтті. Жүзу мен спорттық гимнастикадағы финалдарда қазақстандықтар жүлдеге бір саты жетпей тоқтады. Аралас эстафета командасы 4×100 метр қашықтықта, ал ерлер гимнастика құрамасы командалық есепте төртінші орын алды. Төртінші жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының еншісінде жеті алтын, төрт күміс және сегіз қола медаль бар. Ұлттық команда жалпы медаль кестесінде төртінші орында тұр.