Қазақстан Руандада сирек металдар өндіреді
Қазақстанның «Тау-Кен Самұрық» ұлттық компаниясы («Самұрық-Қазына» қорының еншілес ұйымы) Руанданың Ngali Holdings компаниясымен бірлесіп, аталған елдегі сирек және сирек жер металдары кен орнын игеруге кіріседі, деп хабарлайды Tizgin.kz kz.kursiv.media-ға сілтеме жасап.
КЕЗДЕСУДЕ НЕ АЙТЫЛДЫ
Мұның алдында бұл туралы «Самұрық-Қазына» АҚ өкілдері хабарлаған болатын. Ол жерде айтылғандай, Руанда астанасы Кигали қаласында қор басшысы Нұрлан Жақыпов Руанданың Rwanda Development Board, Rwanda Mining Board және Ngali Holdings компаниялары басшылығымен кездесу өткізді. Соның қорытындысында «Тау-Кен Самұрық» пен Ngali Holdings арасында негізгі шарттар туралы келісімге (Term Sheet) қол қойылды. Құжат Руандадағы сирек және сирек жер металдары кен орнын бірлесіп игеруді көздейді.
Кездесуге Rwanda Development Board басқарма төрағасы Жан-Ги Африка, Rwanda Mines, Petroleum and Gas Board басқарма төрағасы Алис Увасе, сондай-ақ Ngali Holdings Ltd компаниясының басқарма төрағасы Жозеф Бутера қатысты.
Мемлекеттік холдинг мәліметінше, келіссөздер барысында тараптар тау-кен өнеркәсібіндегі әріптестіктің келешегі мен геологиялық барлау саласындағы бірлескен жобаларды дамыту мәселелерін талқылады. Нұрлан Жақыповтың айтуынша, Қазақстан мен Руанда арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңі 2025 жылы Руанда президенті Поль Кагаменің Қазақстанға жасаған сапарынан кейін бастау алған.
МӘН-ЖАЙЫ
Бұған дейін америкалық REalloys компаниясы Blackboxstocks Inc.-пен бірлесіп жатқаны туралы хабарланған болатын. Оның акциялары NASDAQ биржасында BLBX тикерімен саудаланады. Компания AltynGroup Kazakhstan-мен сирек жер элементтерін өндіру саласындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойған.
Altyn Group Qazaqstan компаниясының (бірінші басшысы – Ералы Сырбай) жалғыз қатысушысы – Ұлыбританияда тіркелген A Gold Plc компаниясы. Абай облысының Курчатов қаласында тіркелген Altyn Group Qazaqstan қызметінің негізгі бағыты – бағалы металдар мен сирек металдар кенін өндіру.
A Gold Plc компаниясы Асаубаевтар әулетінің бақылауында. Британдық компанияның директорлар кеңесінде Айдар Асаубаев, Қанат Асаубаев, Санжар Асаубаев, Мариам Бурибаева, Владимир Школьник, Ашар Куреши және Эндрю Чарльз Терри қызмет атқарған.