$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
TOP-2Жаңалықтар

Қазақстан ресми түрде Көшпенділер ойындарының жалпы есебінде жеңімпаз атанды

Медаль дауына нүкте қойылды

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ұйымдастыру комитеті медальдар санын қайта есептеп, Қазақстанды жалпыкомандалық есептің жеңімпазы деп таныды. Бұған дейін екі ел ұсынған мәліметтер арасында айырмашылық болған еді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Үш спортшының жүлдесі бөлек есептелді

Нәтиженің қайта қаралғанын Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Асқат Алагөзов мәлімдеді. Оның айтуынша, медальдар санындағы айырмашылық қазақстандық үш спортшы жеңіп алған жүлделерді есептеу тәртібіне байланысты туындаған.

Ұйымдастыру комитеті мәселені қайта қарап, үш спортшының жүлдесін жеке-жеке есепке алу туралы шешім қабылдады. Соның нәтижесінде Қазақстан жалпыкомандалық медаль есебінде бірінші орынға шықты.

«Қазақ бауырларды жеңісімен құттықтаймыз!» – деп жазды Асқат Алагөзов.

Медаль дауына нүкте қойылды

Бұған дейін ұйымдастырушылар жариялаған кестеде 72 медаль иеленген Қырғызстан көш бастап, Қазақстан екінші орынға орналасқан болатын. Алайда Қазақстан тарапы өз есебін ұсынып, ұлттық құраманың бірінші орын алғанын мәлімдеді.

Медаль санына қатысты екі түрлі ақпарат қоғамда қызу талқыланып, ұйымдастыру комитеті бұған дейін жариялаған қорытынды кестені ресми сайт пен әлеуметтік желідегі парақшаларынан алып тастаған еді.

Асқат Алагөзов жарыстың басты мәні медаль санымен шектелмейтінін атап өтті. Оның сөзінше, ең маңыздысы – Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының өзара құрмет пен әділ бәсеке жағдайында өтуі.

Осылайша, нәтижелер қайта есептелгеннен кейін Қазақстан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жалпыкомандалық есебінде ресми түрде бірінші орынға көтерілді.

Back to top button