TOP-1Экономика

Қазақстан Ресей турбиналарынан бас тартып, 250 млрд теңге үнемдеді

Қазақстан Екібастұздағы екінші мемлекеттік аудандық электр станциясы (МАЭС-2 – ГРЭС-2) электр станциясының үшінші энергоблогын салу жобасын қайта қарап, ресейлік турбиналар мен генераторларды пайдаланудан бас тартты. Бұл шешім жобаның құнын 250 млрд теңгеден астам қаржыға қысқартуға мүмкіндік берген. Бұл туралы Тizgin.kz порталы сарапшы Нұрлан Жұмағұловтың телеграм-арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімхановтың айтуынша, жобаның бастапқы құны 650 млрд теңгеге жоспарланған. Алайда жаңа шешімнің арқасында үшінші энергоблоктың бағасы 400 млрд теңгеден төмен деңгейге дейін азайған.

Жаңартылған жоба аясында энергетикалық жабдықтардың негізгі жеткізушісі ретінде Қытайдың Harbin Electric International компаниясы таңдалды.

Бұған дейін Екібастұз ГРЭС-2-нің үшінші энергоблогын ресейлік кәсіпорындар салады деп жоспарланған еді. Сонымен қатар жоба жеңілдетілген ресейлік несие есебінен қаржыландырылатыны айтылған.

Алайда күткен қаржы түспей, жабдықтарды жеткізу мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілді. Осыған байланысты Қазақстан тарапы жобаның техникалық және қаржылық схемасын қайта қарап, жаңа компанияны таңдаған.

Мамандардың айтуынша, жаңа келісім жобаның құнын айтарлықтай төмендетіп қана қоймай, үшінші энергоблоктың құрылысын жеделдетуге де мүмкіндік береді.

Екібастұз ГРЭС-2-де жаңа энергоблок іске қосылса, бұл Қазақстанның энергетикалық жүйесінің қуатын арттырып, электр энергиясына өсіп отырған сұранысты қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Back to top button