Без рубрики

Қазақстан мен Қытай арасында енді аптасына 152 рет ұшақ қатынайды

Қытай астанасы Бейжіңде Қазақстан Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті мен Қытайдың Азаматтық авиация басқармасы (CAAC) ынтымақтастықты арттыру бойынша келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

ТАРАПТАР ТАЛҚЫЛАҒАН ТАҚЫРЫПТАР

Азаматтық авиация комитеті ақпаратынша, келіссөздер барысында тараптар екі жақтың әуе тасымалдаушылары үшін тұрақты жолаушылар рейстерінің санын аптасына 124-тен 152-ге дейін арттыруға келісті. Сонымен қатар Қазақстанмен рейстерді орындау үшін Қытайдағы ірі пункттер тізбесі Қытайдың ірі көлік-логистикалық және өнеркәсіптік орталықтарының бірі – Чунцин қаласын қоса алғанда, 11 қалаға жеткізілді.

«Бұдан бөлек, тараптар Астана мен Шанхай қалалары арасында, оның ішінде қытайлық әуе компаниялары орындайтын тікелей әуе қатынасын ашу, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арасында үшінші халықаралық әуе дәлізін құру мәселелерін талқылады. Бұл әуе кеңістігінің өткізу қабілетін арттыруға, ұшу бағыттарын оңтайландыруға, қолданыстағы әуе трассаларына түсетін жүктемені азайтуға және екі мемлекет арасындағы әуе қатынасының одан әрі дамуына қосымша мүмкіндік жасауға ықпал етеді», – делінген ақпаратта.

ЕКІ ЖАҚ ӘРІПТЕСТІКТІ ЖАЛҒАСТЫРУҒА НИЕТТІ

Кездесу барысында қазақстандық әуе тасымалдаушыларға рейстерді орындау үшін Қытай әуежайларында слоттар бөлу, Қытайдың әуе кеңістігін пайдалану мәселелері қаралды. Сондай-ақ азаматтық әуе кемелерін авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ведомствоаралық ынтымақтастық туралы келісім жасасу жағы да қамтылды.

«Тараптар азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара мүдделілігін растады. Әуе қатынасын кеңейтіп, көлік байланысын нығайтуға әрі Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытуға бағытталған бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті», – делінген мәліметте.

Back to top button