Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына сапары барысында 19 млрд долларға коммерциялық келісімдерге қол қойылды. Бұл туралы Қазақстан президенті Оңтүстік Корея басшысы Ли Чжэ Мёнмен шағын құрамда өткен келіссөзде мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Алдағы ынтымақтастық бағыттарының қатарында Alatau City-ді дамыту, мұнай өңдеу зауыты мен қонақүйлер салу бар.
19 млрд долларлық келісімдер және инвесторларға берілетін кепілдіктер
Тоқаев Корея Республикасын Қазақстанның стратегиялық серіктесі деп атап, екі ел арасында қайшылықтар мен келіспеушіліктер жоқ екенін айтты. Оның сөзінше, екі мемлекеттің мақсаты – екіжақты қатынастарды жан-жақты дамыту.
Сапар аясында бизнес-форум өтті. Оған президентпен бірге барған қазақстандық іскер топтардың делегациясы қатысты.
«Екіжақты қатынастарға келсек, осы сапар барысында 19 млрд долларға коммерциялық келісімдерге қол қойылды. Кореялық инвесторлармен атқарып жатқан жұмысымызға көңіліміз толады және олармен жұмысты жалғастыруға дайынбыз. Қонақүйлер, мұнай өңдеу зауытын салу және қала құрылысы бойынша жақсы жоспарлар бар. Мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ерекше көңіл бөлінеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Келіссөзде Alatau City-ді одан әрі дамыту мәселесі бөлек талқыланды. Президент жобаның маңызын атап өтіп, кореялық бизнеске құқықтық кепілдіктер берілетінін мәлімдеді.
«Атап айтқанда, біз Alatau City жобасын одан әрі дамыту мәселесін егжей-тегжейлі талқыладық. Бұл – шын мәнінде, біз үлкен мән беретін аса маңызды жоба. Осы қаланың мәртебесіне қатысты ережелер Конституцияға енгізілді. Кореялық компанияларға барлық құқықтық кепілдік беріледі», – деді мемлекет басшысы.
Ұзақ мерзімді серіктестік және тарихи байланыстар
Президенттер экономикалық мәселелерден бөлек, мәдени-гуманитарлық байланыстарды да талқылады. Тоқаев Қазақстанда 120 мыңнан астам этностық корей тұратынын еске салды. Оның айтуынша, оларға барлық жағдай жасалған, олар қоғам өміріне белсенді қатысады.
Мемлекет басшысы корей генералы Хон Бом Доның есімін ұлықтау мәселесіне арнайы тоқталып, оны қаһарман әрі патриот деп атады. Тоқаев генералдың сүйегін отанына қайтаруды азаматтық борыштың орындалуы деп бағалады.
Ли Чжэ Мён Қазақстан президентіне осы шешімі үшін алғыс айтып, қазақ халқының корейлерге көрсеткен ықыласын атап өтті.
«Корея тарихында және қиын кезеңдерде корей халқын қорғауда ерекше рөл атқарған генерал Хон Бом Доның сүйегін қайтару жөнінде қабылдаған шешіміңіз үшін алғыс айтамыз. Кезінде Қазақстанда корей азаматтарын өте жылы қабылдады. Бұл үшін Сізге және бүкіл қазақ халқына ризашылығымызды білдіреміз», – деді Корея Республикасының президенті.
Келіссөз қорытындысында екі ел басшылары ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа және қажет болған жағдайда бір-біріне жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін растады. Олар стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуды нақты бірлескен жобаларды жүзеге асырумен байланыстырды.