Жаңалықтар

Қазақстан мен Моңғолияны жалғайтын тікелей автожол салынады

Қазақстан мен Моңғолия екі елдің арасын жалғайтын автокөлік жолын салуға келісті. Бұл жөнінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Президент екі елдің ежелден төрде басы, төскейде малы қосылған, іргесі ажырамаған жұрт екенін, бірақ Қазақстан мен Моңғолия шекаралас емес екенін атап өтті.

«Сондықтан көлік-тасымал саласындағы ынтымақтастығымыз көршілерімізге тікелей байланысты. Жол екі ел арасындағы өзара байланыс көзі, тығыз қарым-қатынас кепілі екені белгілі. Біз бұл мәселенің аса өзекті екенін жақсы түсініп отырмыз. Сондықтан Хурэлсүх мырза екеуіміз Қазақстан мен Моңғолия арасында төте жол ашуға мүдделі екенімізді растадық. Кездесу барысында елдерімізді жалғайтын автокөлік жолын салу жөнінде ортақ келісімге қол жеткіздік», – деді Президент.

Тоқаев бұл жан-жақты сараптап, мұқият зерделеуді қажет ететін күрделі мәселе екенін айтты.

«Десек те, ең бастысы жол құрылысы бойынша мақсатымыз бір. Сол себепті біз құрметті Президент мырзамен жасалған уағдаластыққа сәйкес, алдымен бірлескен үкіметаралық жұмыс тобын құру туралы шешімге келдік. Аталған жұмыс тобы осы мәселе бойынша барлық түйткілді қарайды. Көршілес елдермен келіссөздер жүргізеді және жалпы жобаның уақыты орындалуын қадағалайды. Алдағы уақытта Қазақстан-Моңғолия автожолы елдеріміздің арасындағы сауда-саттықты арттыруға ерекше серпін беретіні анық. Бұл жолдың игілігін іргелес елдер де көретін болады», – деді Тоқаев.

Back to top button