Қазақстан көкпар құрамасы Бішкекте өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының финалында Қырғызстанға жол берді. Алаң иелері 7:2 есебімен жеңіске жетіп, жарыс чемпионы атанды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Тартысты финалда алаң иелері басым түсті
Қазақстан мен Қырғызстан құрамалары алтын медаль үшін өткен шешуші кездесуде өзара сынға түсті. Әрқайсысы 20 минуттан тұратын екі таймның қорытындысында қырғызстандық көкпаршылар 7:2 есебімен жеңіске жетті.
Осылайша, Қырғызстан құрамасы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының алтын жүлдесін иеленді. Қазақстандық спортшылар күміс медаль алды.
Қазақстан чемпиондық атағын қорғай алмады
Қазақстан құрамасы Бішкектегі додаға көкпардан қазіргі чемпион мәртебесінде келген еді. Алайда шешуші кездесуде алаң иелеріне есе жіберіп, чемпиондық атағын қорғай алмады.
Ұлттық құрама турнир барысында Ресей командасын 14:1, ал Венгрияны 9:4 есебімен жеңген болатын.
Бұған дейін көкбөріден өткен финалда да Қазақстан мен Қырғызстан құрамалары кездескен еді. Бұл бәсекеде Қырғызстан 12:0 есебімен басым түсіп, Қазақстан күміс жүлдені қанағат тұтты.
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 31 тамызда басталды. Дүбірлі дода бүгін, 6 қыркүйекте мәресіне жетеді.