Қазақстан Бейбітшілік кеңесіне 1 млрд доллар жарнасыз кірді – ҚР СІМ
Сыртқы істер министрлігінің өкілі Ерлан Жетібаевтың айтуынша, Қазақстан кеңеске ешқандай жарна төлемей қосылған. Жарғыда көрсетілген 1 млрд доллар көлеміндегі ерікті жарна мүшелікке кірудің міндетті шарты емес, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Мемлекет басшысы бұл бастаманы практикалық әрі жылдам нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған дер кезінде көтерілген ұсыныс ретінде бағалады. Президенттің айтуынша, бейбітшілік мәнсіз декларациялар арқылы емес, нақты практикалық шешімдер арқылы құрылуы тиіс. Қаржыландыру мәселесіне келсек, Қазақстан Бейбітшілік кеңесіне ешқандай қаржылық жарнасыз қосылды», – деді ол.
Өткен айда Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президенті Дональд Трамптың бастамасымен құрылған Бейбітшілік кеңесінің жарғысына қол қойған. Қол қою рәсіміне Қазақстан президентінен басқа 18 елдің басшылары мен өкілдері қатысты.
Бастапқыда “Бейбітшілік кеңесін” құру Трамптың Газа аймағынлағы қақтығысты реттеуге арналған бейбітшілік жоспарының бір бөлігі болған. Алайда, Financial Times жазғандай, қазір кеңестің жарғысында Газа атауы мүлде аталмайды. Құжатта “Бейбітшілік кеңесі” “қақтығыстардан зардап шеккен немесе сондай қауіп төніп тұрған аймақтарда тұрақтылықты нығайтуға, сенімді әрі заңды басқаруды қалпына келтіруге және ұзақ мерзімді бейбітшілікті қамтамасыз етуге ұмтылатын халықаралық ұйым” ретінде сипатталған.