Қазақстан азаматтары Қытайда жүргізуші куәлігімен еркін жүре алады
Қазақстандық жүргізуші куәлігі Қытайда жарамды болмақ
Қазақстан азаматтары келешекте ұлттық жүргізуші куәлігімен Қытай аумағында жеңіл көлік жүргізе алады. Алайда жаңа тәртіп әзірге күшіне енген жоқ: тиісті келісім жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Автомектепке барып, емтихан тапсыру талап етілмейді
Ішкі істер министрлігі Қазақстан мен Қытай үкіметтері арасындағы жүргізуші куәліктерін өзара тану және алмастыру туралы келісімге қол қоюды көздейтін қаулы жобасын әзірледі. Құжатқа сәйкес, екі мемлекеттің азаматтары белгілі бір талаптарды сақтаған жағдайда өз елінде берілген қолданыстағы жүргізуші куәлігімен екінші мемлекеттің аумағында жеңіл көлік басқара алады.
Бастаманың тағы бір маңызды тұсы – жүргізуші куәлігін жергілікті құжатқа алмастыру рәсімі. Келісім күшіне енсе, Қазақстан мен Қытай азаматтарына автомектепте қайта оқып, біліктілік емтихандарын тапсырудың қажеті болмайды. Дегенмен құжатты алмастыру кезінде жүргізуші жүрген мемлекеттің заңнамасында белгіленген талаптар сақталуға тиіс.
Жобаға қатысты жарияланған мәліметтерде әзірге B1 санатындағы жүргізуші куәліктері туралы айтылған. Екі елдің уәкілетті органдары куәліктерді тану және алмастыру мәселелері бойынша арнайы ақпарат алмасу тетігін де қалыптастырмақ.
«Ашық НҚА» порталындағы мәлімет бойынша, құжатты Ішкі істер министрлігі әзірлеген. Жоба 2026 жылғы 25 тамызда жарияланды және оны қоғамдық талқылау 30 тамызға дейін жалғасады.
Жаңа тәртіп қашан күшіне енеді
Қазақстандық жүргізушілер қазір ұлттық куәлікпен Қытайда бірден көлік тізгініне отыра алмайды. Ол үшін уақытша қытайлық жүргізуші куәлігін рәсімдеу, құжатты қытай тіліне аудару және аударманы нотариус арқылы куәландыру қажет.
Жаңа келісім осы әкімшілік кедергілерді азайтып, екі ел арасында уақытша немесе тұрақты тұратын азаматтарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған. ІІМ бастама туристік, көліктік және іскерлік байланысты дамытуға ықпал етеді деп есептейді.
Дегенмен ұсынылған тәртіп қаулы қабылданған сәттен бастап автоматты түрде жұмыс істемейді. Алдымен Қазақстан мен Қытай келісімге қол қоюы, содан кейін екі тарап қажетті мемлекетішілік рәсімдерді аяқтауы керек. Жүргізуші куәліктерін өзара тану тәртібі келісім ресми түрде күшіне енгеннен кейін ғана қолданыла бастайды.
Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара визасыз режим 2023 жылғы 10 қарашадан бері жұмыс істейді. Соған сәйкес, екі елдің азаматтары көрші мемлекет аумағында бір сапарда 30 күнге дейін, ал 180 күн ішінде жиынтығы 90 күннен аспайтын мерзімде визасыз бола алады. Бұл тәртіп туралы Үкіметтің ресми ресурсында жарияланған. Жүргізуші куәліктерін өзара тану осы бағыттағы сапарларды одан әрі жеңілдетуі мүмкін.