Қазақстан 6,6 млрд юань көлемінде панда-облигациялар шығарды
Қазақстан Қытай қор нарығында жалпы көлемі 6,6 млрд юань болатын егеменді панда-облигациялардың екінші шығарылымын орналастырды. Бағалы қағаздар үш және бес жылдық екі траншпен ұсынылды, деп хабарлайды Tizgin.kz қаржы министрлігіне сілтеме жасап.
Облигациялар қандай шартпен орналастырылды
Қаржы министрлігінің мәліметінше, облигациялар 7 қыркүйекте екі траншпен орналастырылған. Бірінші транштың көлемі 5 млрд юаньды құрады. Үш жылға шығарылған бұл облигациялардың жылдық мөлшерлемесі – 1,82%. Екінші транш аясында бес жылдық облигациялар ұсынылды. Оның көлемі – 1,6 млрд юань, ал жылдық мөлшерлемесі 1,95% болып белгіленді.
Ведомство Қазақстанның Қытай нарығында кредиттік рейтингі жоғары, «А» санатындағы елдермен салыстыруға болатын шарттармен қаржы тартқанын атап өтті. Инвесторлардың жоғары қызығушылығы Қазақстанда экономиканы әртараптандыру мен оның орнықтылығын арттыруға бағытталған реформалардың оң бағаланғанын көрсетеді. Панда-облигациялар – шетелдік мемлекеттер немесе компаниялар Қытайдың ішкі нарығында юаньмен шығаратын борыштық бағалы қағаздар.
Қазақстанның кредиттік рейтингі көтерілді
Облигациялар S&P халықаралық рейтингтік агенттігі Қазақстанның егеменді кредиттік рейтингін «BBB-» деңгейінен «BBB»-ге көтергеннен кейін орналастырылды. Рейтинг бойынша болжам – «Тұрақты».
Қаржы министрлігінің дерегінше, Қазақстанның мемлекеттік борышы жалпы ішкі өнімнің 20,9%-ын, ал сыртқы мемлекеттік қарызы 4,5%-ын құрайды. Ведомство мұны әлемдегі ең төмен көрсеткіштердің бірі деп бағалады.
Панда-облигациялардың екінші шығарылымы Қазақстанға қаржыландыру көздерін кеңейтуге және борыш портфелін әртараптандыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл қадам юаньмен номинацияланған қазақстандық егеменді облигациялардың кірістілік қисығын қалыптастыруға ықпал етпек.