TOP-2Эксклюзив

Қазақ қызы АҚШ-тағы мэрияға жұмысқа тұрды

Қазақстаннан барып, үздік түлек ретінде оқуын бітірген Аружан Сахариянова АҚШ-тың Оңтүстік Каролина штатындағы Гринвилл мэриясында тағылымдамадан өте бастаған. Бұл туралы ол LinkedIn әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

АҚШ-та білім жолы

Қазақстаннан АҚШ-қа оқуға барған студент Фурман университетін үздік дипломмен (Summa Cum Laude) тәмамдағанын мәлімдеді. Ол тұрақты даму ғылымы (Sustainability Science) және коммуникация (Communication Studies) мамандықтары бойынша бакалавр дәрежесін алған. Өзінің айтуынша, Фурман университетіне Қазақстаннан қабылданған жалғыз студент болған.

«Қазақстаннан келген жалғыз студент ретінде Фурман университетіне түсу әрі қуанышты, әрі толқынысқа толы тәжірибе болды. Әлемнің арғы бетіне тағы бір мәрте көшу көптеген белгісіздікпен қатар жүрді. Бірақ дәл осы қиындықтар әрбір мүмкіндікті барынша тиімді пайдалануға ынталандырды», – деп жазды Аружан Сахариянова.

Төрт жылда алты тағылымдамадан өтті

Түлек университет қабырғасында жүрген төрт жыл ішінде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізгенін айтты. Оның сөзінше, осы уақыт аралығында алты тағылымдамадан және кәсіби даму бағдарламасынан өткен, ғылыми зерттеулер мен қоғамдық жобаларға белсенді қатысқан. Сонымен қатар үш академиялық құрмет қоғамының мүшесі атанып, екі мәрте шетелде білім алған.

Бұдан бөлек, ол Sustainability Science Research Award және Sustainability Leadership Award марапаттарына ие болған.

Үздік бес түлектің қатарына енді

Аружан жетістіктері Фурман университеті тарапынан да жоғары бағаланғанын атап өтті. Оның айтуынша, университет оны оқу жылдарындағы жетістіктері мен белсенділігі үшін Senior Spotlights жобасының аясында үздік бес түлектің қатарына қосқан.

«Университеттегі жолым жуырда Senior Spotlights жобасында үздік бес түлектің бірі ретінде жарияланды. Бұл материалда оқу жылдарындағы тәжірибем мен алған мүмкіндіктерім кеңінен қамтылған», – деді ол.

Енді АҚШ-тағы мэрияда еңбек етеді

Университетті тәмамдаған Аружан енді еңбек жолын АҚШ-тың Оңтүстік Каролина штатындағы Гринвилл мэриясында бастайды. Ол мұнда Sustainability Intern (тұрақты даму саласы бойынша тағылымдамашы) ретінде қызмет атқарып, мемлекеттік сектордағы тұрақты даму мен экологиялық орнықтылық бағытындағы жобаларға қатысатынын жеткізген.

«Өмірімнің жаңа кезеңін Гринвилл мэриясында тұрақты даму саласы бойынша тағылымдамашы ретінде бастадым. Енді тұрақты даму мен орнықтылық бағытындағы мемлекеттік сектордың жұмысын тереңірек зерттеп, осы салада тәжірибе жинақтауды асыға күтемін», – деп жазды ол.

Жазбасының соңында ол өзіне білім берген оқытушыларға, тәлімгерлеріне және Фурман университетіне алғыс айтып, «Ұмытылмас төрт жыл үшін рақмет, Фурман!» деп қорытындылаған.

Back to top button