$ 441.88 € 503.61 ₽ 5.24
Жаңалықтар

Қаза болған сарбаздардың отбасына жиналған қаражат қайда түседі

Маңғыстау облысында көз жұмған сарбаздардың отбасыларына көмек жинаудың бірыңғай ресми тетігі белгіленді. Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері бүгінде 800 млн теңгеден астам қаражат жинаған, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Көмек көрсетемін деушілер көбейген

Ресми ақпаратты Маңғыстау облысының әкімдігі бөлісті. Мәлім болғандай, Каспий теңізі акваториясында ажал құшқан әскери қызметшілердің отбасыларына қосымша материалдық көмек көрсету мақсатында бірыңғай оператор ретінде облыс әкімдігі айқындаған ұйым белгіленді.

Облыс басшылығына қаза болған сарбаздардың отбасыларына материалдық көмек көрсеткісі келетін азаматтардан, кәсіпкерлер мен ұйымдардан өтініштер түсіп жатыр. Осыған байланысты аталған процесті жүйелеп, көмек көрсетудің бірыңғай ресми тетігін қамтамасыз ету мақсатында осындай шешім қабылданды.

Қор қызметі мен түсетін қаражат қозғалысы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының бақылауында болады.

Алаяқтардан сақ болуға шақырды

Бүгінде Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері 815 млн теңге көлемінде материалдық көмек жинады.

Алаяқтық әрекеттердің алдын алу мақсатында облыс басшылығы азаматтарды қаражатты жеке банк карталарына, жеке тұлғалардың шоттарына аудармауға шақырады.

Қор реквизиттері:

«Ұлттық рух» қоғамдық бірлестігі

БСН: 090140013447
Банк: «Alatau City Bank» АҚ
БСК: TSESKZKA
ЖСК: KZ03998PTB0000488655
Валюта: KZT

Каспийдегі трагедия

24 қыркүйек күні Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде тоғыз әскери қызметші қаза тапқаны белгілі болған еді. Кейін құрбан болғандар саны одан да көбейді. Осы оқиғадан кейін Мемлекет басшысының өкімімен 2026 жылғы 25 қыркүйек Қазақстан Республикасында жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Аталған оқиға бойынша тергеу екі баппен жүргізіліп жатыр.

Back to top button