Қатонқарағай ұлттық паркінде таутекелер фототұзаққа түсіп қалды
Бұл көрініс орманшы Жомарт Аманбаевтың еңбегінің арқасында түсірілді.
Катонқарағай ұлттық паркінің аумағындағы фототұзақтар тағы да қызықты кадрларды тіркеді. Кадрлардан аталық, аналық тауешкілерді және өсіп келе жатқан лақтарды бірге көруге болады. Бұл туралы Катонқарағай ұлттық паркінің Instagram парақшасында жазылды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Отбасылық» кадрлар түсіп қалды
«Аталықтарын ірі әрі көлемді мүйіздерінен оңай ажыратуға болады, ал аналықтарының мүйіздері айтарлықтай кіші. Төлдегеннен кейінгі тауешкілердің мінез-құлқы да қызық. Ересек аталықтар көбіне топтан бөлініп кетсе, жас аталықтар аналықтар мен лақтардың жанында жүре береді, сондықтан кейде фототұзақ объективіне ересек жануарлар мен төлдері бірге жүрген осындай «отбасылық» кадрлар түсіп қалады», – деп жазылған хабарламада.
Орманшының еңбегі
Фототұзақтар жануарларды үркітпей, олардың табиғи тіршілігіне араласпай осындай сәттерді бақылауға мүмкіндік береді. Бұл кадрлар парктің жабайы жануарларын бақылап жүрген орманшы Жомарт Аманбаевтың еңбегінің арқасында түсірілді.