$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
Спорт

«Қатігездік жасалды»: алтыны тартып алынған Ясмина Тоқсанбаева жанкүйерлерге үндеу жасады

Азия ойындарында спорттық жүрістен марафон қашықтығында алған алтын медалінен айырылған отандасымыз қазір жанкүйерлер қолдауын күтетітін айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Алғыс айтты

Тексерістің теріс нәтижесі шыққан соң спортшы алдымен ол үшін тақым қысқан көпшілікке алғысын жеткізді.

Баршаңызға көп рахмет. Маған жазылған хабарлама мен пікірлерді көріп, оқып отырмын. Қолдауларыңыз сезіледі. Өкінішке қарай, осындай жағдай тіркелді. Неге екені белгісіз, дәл осы жарыста бәсеке басталмай тұрып тексерген жоқ. Осындай деңгейі жоғары сайыстарда, ол тұрмақ Қазақстан чемпионаттарында тексеретін, – деді спортшы.

«Тарих жасағым келді»

Ясмина аяқ киім табаны талапқа сай ма, жоқ па екені осы жолы назардан тыс қалғанына таң қалғанын жасырмады.

Бізге қатігездік жасалды. 42 шақырымды елестетіп көріңізші. Ертерек тексеріп, кроссовкаң жарамайды, биіктігі сәйкеспей тұр десе, мен жалаң аяқ кетер едім. Осы медальді Қазақстанға тарту етіп, тарих жасағым келді. Бірақ мен де жауапкершілік арқалайтынымды жасырмаймын, ағаттық болды. Бұл кроссовканы биыл алған едім, – деді спортшы.

Ол кезде жарысқа қатысуға рұқсат берілген көрінеді.

Айтарға сөзім жоқ. Қазір сіздердің қолдауларыңыз қажет. Кеше 42 шақырымда Азия рекорды жаңарды. Бірақ оны менен тартып алды, – деді Ясмина.

Спортшының нәтижесіне шағым түсті

Айта кетейік, бұған дейін спортшының Азия ойындарында марафон қашықтығына спорттық жүрістен жеңіп алған алтын медалінен айырылғанын жазған едік.

Ясмина Тоқсанбаева әйелдер арасындағы марафон қашықтығына спорттық жүріс сайысында мәреге бірінші болып жеткен. Алайда жарыстан кейін оның нәтижесіне қатысты наразылық білдірілген.

Осыған байланысты Дүниежүзілік жеңіл атлетика қауымдастығы – World Athletics қазақстандық спортшының жарыста киген аяқкиімін тексерген. Нақтырақ айтқанда, оның жарыста қолдануға рұқсат етілген аяқкиімдер тізіміне кіретін-кірмейтіні қаралды.

 

Back to top button