
Павлодар облысының әкімі Асаин Байхановтың әлеуметтік желідегі парақшасында той шығындары мен ысырапшылық мәселесіне қатысты қызу пікірталас өрбіді. Тұрғындардың бірі әкімге қазақ қоғамындағы той мәдениетінің бүгінде көптеген отбасы үшін ауыртпалыққа айналғанын айтып, мәселені заңмен реттеуді ұсынған, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Әкімнің жазбаларының біріне пікір қалдырған азамат жаз мезгілі басталысымен көптеген қазақстандықтар үшін той науқанының да басталатынын атап өткен. Оның айтуынша, үйлену тойы мен қыз ұзату секілді қуанышты шаралар қазақ қоғамында маңызды орын алғанымен, соңғы жылдары олардың қаржылық және әлеуметтік салмағы артып кеткен.
«Сәрсенбіден бастап жексенбіге дейін тойға шақырады. Оған уақыт керек, байғазы керек. Үш жүз мың теңге еңбек алатын адам үшін үлкен қиындық. Жұмыстан сұранып тойға кел дейді. Ал тойға барған адамдар төрт-бес сағат аузы құрғамай ішіп-жеу. Семіздік, сахар, давление, дені сау адам жоқ. Ұйқы бұзу. Дарақылық. Мақтаншақтық… Қатал заң керек», – деп жазды тұрғын.
Сондай-ақ ол басқа халықтардың арасында мұндай деңгейдегі той жарысы жоқ екенін айтып, қазақ қоғамында ысырапшылдықтың күшейіп бара жатқанын алға тартты.
Бұл пікірге Павлодар облысының әкімі Асаин Байханов жауап беріп, мәселенің өзектілігін мойындады.
«Той шығындарының ауыртпалығы – қоғамда жиі көтерілетін мәселе. Көп отбасы несие алып, әлеуметтік қысымның әсерінен шамадан тыс шығындалады», – деді әкім.
Сонымен бірге өңір басшысы бұл мәселені тек заңнамалық шектеулер арқылы шешу қиын екенін жеткізді.
«Мәселе бар екені рас, бірақ оны тек заңмен шешу екіталай. Мұнда қоғамның көзқарасы, отбасының таңдауы және экономикалық жағдай қатар әсер етеді. Заң белгілі бір шектерді ғана белгілей алады, ал ысырапшылдықты азайтудың негізгі тетігі – қоғамдық мәдениет пен жеке жауапкершілік деп ойлаймын», – деп жазды Асаин Байханов.
Айта кетейік, соңғы жылдары Қазақстанда той шығындарын қысқарту, ысырапшылдықпен күресу және әлеуметтік қысымның алдын алу мәселесі қоғамда жиі талқыланып келеді. Сарапшылардың пікірінше, көптеген отбасы салтанатты шараларды өткізу үшін несие алып, қаржылық қиындықтарға тап болады. Ал бұл мәселені шешудің жолдары жөніндегі пікірлер әртүрлі: бірі заңнамалық шектеулерді қолдаса, енді бірі қоғамдық сана мен мәдениетті өзгертуді тиімді тәсіл деп санайды.