
Әлеуметтік желіде «атыраулық хакер» деген атпен танылған азамат сот процесі кезінде журналист Жанар Жақсыбайқызына берген сұхбатында қарызға қалай батқанын және шетелге не себепті кеткенін айтты. Алаяқтық бойынша айыпталып отырған азаматтың сөзінше, бастапқыда 100 млн теңге болған берешегін кейін 13 млн теңгеге дейін азайтқан, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Қарызымды жабу үшін мейрамхана аштым»
Сотталушы өзіне қатысты айыпқа түсініктеме беріп, инвесторлардан алған қаражатқа жобаны іске асыруға тырысқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, ол жауапкершілігі шектеулі серіктестік ашып, есеп жүргізген. Алайда 2024 жылы басқа компания жобасын көшіріп алып, өз атынан таныстырғаннан кейін жұмысы тоқтаған.
“Егер мен сол жобаны қолға алып, сол үшін алған ақшамен жоқ болып кетсем, мен алаяқ болар едім. Бірақ мен ЖШС аштым, есебін жүргіздім, бәрін жасадым. 2024 жылы басқа компания біздің жобамызды толық көшіріп алып, Цифрлық даму министрлігі Атырауға келген кезде біздікі деп көрсетіп, ол жобаны бізден ұрлап кеткен. Оның бәрін айттық, ашық ақпарат. Одан кейін біздің жоба тоқтады. Шығынды өтедік. Содан кейін мен қарызға кірдім, өйткені инвесторлар түсінбейді. Ол кезде менің қарызым 100 млн теңге еді, шыны керек. Қарызымды жабу үшін мейрамхана ашып, тағы қарызға кірдім. Сөйтіп, 2025 жылы іс қозғалды да, мен Дубайға кетіп қалдым. Сол жақта жүріп, қарызымды қайтарып, қазіргі тағылып отырған айыптағы 13 млн теңгеге дейін түсірдім”, – дейді ол.
Осылайша, сотталушы қарызын өтеу үшін ашқан мейрамханасы да берешегін көбейткенін айтты. Ал шетелде жүрген кезінде қарызының бір бөлігін қайтарғанын жеткізді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
«Атыраулық хакер» не үшін сотталып жатыр
Өңірлік полиция департаментінің бұған дейінгі мәліметінше, ер адам алаяқтықтың бірнеше эпизоды бойынша күдікке ілінген. Оған қатысты Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша іс қозғалып, іздеу жарияланған. Ол Атырау облысында төрт адамның жоғалуына байланысты оқиғадан кейін әлеуметтік желіде кеңінен танылды. Өзін «атыраулық хакер» деп таныстырған азамат бұл істі өз бетінше зерттеп жүргенін айтып, болжамды геолокациялар, телефон байланыстары мен өзге де деректерді жариялаған.
2026 жылдың басында оған халықаралық іздеу жарияланып, кейін Түркияда ұсталған. Сотталушының айтуынша, оны 28 қаңтарда Самсун қаласында ұстаған. Үш күннен кейін Анкараға жеткізіп, 18 маусымға дейін депортациялық мекемеде ұстаған. Қазақстанға қайтарылғаннан кейін ол біраз уақыт Алматы мен Ақтөбедегі изоляторларда болған, кейін Атырауға жеткізілген. Мұнда сот оған үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаған.
Алдыңғы отырыстарда жәбірленушілердің бір бөлігі жауап берген. Тағы төрт адам түрлі себеппен сотқа қатыса алмаған. Мемлекеттік айыптаушы Абылайхан Әбужановтың айтуынша, олардан жауап алынғаннан кейін сот қылмыстық іс материалдарын зерттеуге, одан соң тараптардың жарыссөзіне көшеді. Прокурор тағылған айып бойынша үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын түсіндірді. Нақты шешімді сот үкім шығарған кезде қабылдайды.
Келесі отырыс 6 қарашаға белгіленген. Онда қалған жәбірленушілерден жауап алу жоспарланып отыр. Іс бойынша әзірге үкім шыққан жоқ.