Қарбыз жеуге әлі ерте: вице-министр елге кеңес айтты
Қазақстанда қарбызды жеудің ең қауіпсіз кезеңі – шілде айының соңы мен қыркүйек аралығы. Үкіметтегі брифиңде Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Вице-министрдің айтуынша, елімізде қарбыз бірнеше технология бойынша өсіріледі. Атап айтқанда, ерте өнімдер пленка астында өсірілсе, орта және кеш пісетін қарбыздар маусымына қарай жиналады. Ал жыл бойы сатылатын қарбыздың бір бөлігі шетелден импортталады.
Оның сөзінше, табиғи жағдайда толық піскен қарбызды тұтынуға ең қолайлы уақыт – шілденің соңы мен қыркүйек айлары.
«Өндіріс тұрғысынан алғанда, ең қауіпсіз кезең – шілденің соңынан қыркүйекке дейінгі аралық. Бұл уақытта қарбыздар түрлі тыңайтқыштар мен өсу стимуляторларын шамадан тыс қолданбай табиғи түрде піседі. Әсіресе балаларға әзірге қарбыз жеуден уақытша бас тартуға кеңес беремін. Бұл – менің маман ретіндегі пікірім», – деді Азат Сұлтанов.
Қарбыз сатып аларда нені ескерген жөн
Мамандардың айтуынша, ерте маусымда сатылатын қарбыздың бәрі бірдей қауіпті емес. Алайда өнімді тек санитарлық талаптарға сай сауда орындарынан сатып алған дұрыс. Сондай-ақ мынадай қарапайым ережелерді ұстануға кеңес беріледі:
- қарбызды тек ресми сауда орындары мен базарлардан сатып алу;
- жарылған, кесілген немесе зақымданған қарбызды алмау;
- өнімнің шығу тегі мен қауіпсіздігін растайтын құжаттардың бар-жоғын сұрау;
- қарбызды кеспес бұрын сыртын мұқият жуу;
- кесілген қарбызды бөлме температурасында ұзақ қалдырмай, тоңазытқышта сақтау.
Дәрігерлердің айтуынша, маусымнан бұрын піскен өнімді шамадан тыс тұтыну, әсіресе балалар үшін қауіп тудыруы мүмкін. Сондықтан табиғи жолмен толық піскен маусымдық қарбызды таңдаған жөн.