Маңғыстауда қарақұрт шаққан екі жасар бала 10 күн бойы жансақтау бөлімінде жатты
Маңғыстауда екі жасар қыз бала улы қарақұрт шаққаннан соң жансақтау бөліміне түсті, деп хабарлайды Tizgin.kz Lada.kz-ға сілтеме жасап.
Облыстық ауруханаға тікұшақпен жеткізді
Мәлім болғандай, бірге ойнап жүрген балалардың бірі оған өрмекшіні берген. Сол кезде ол жәндікті жұтып қоюға шақ қалған дейді. Содан жанында тұрған алты жасар бала оның өрмекші екенін айтты. Сәлден соң бүлдіршіннің жағдайы нашарлап, шұғыл медициналық көмек қажет болған.
Ол аудандық ауруханадан облыстық балалар ауруханасына тікұшақпен жеткізілді. Анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінің меңгерушісі Мереке Бекбаевтың сөзінше, баланы облыстық аурухана ауыстырмас бұрын ақ халаттылар аудандық әріптестерімен телемедициналық кеңес өткізіп, емдеу тактикасын талқылаған.
Екпе екі рет егілді
Осыдан соң дәрігерлер қарақұртқа қарсы сарысу егіп, науқасты шұғыл облыс орталығына жеткізу туралы шешімге келді.
Ауруханаға түскенде баланың жағдайы өте ауыр деп бағаланды. Ол бірінші дәрежелі комада болды. Дәрігерлер дереу қарқынды терапия бастап, республикалық мамандармен қосымша консультациялар ұйымдастырды. Емдеу кезінде қарақұртқа қарсы сарысу екі рет егілді.
Жағдайын тәулік бойы бақылады
Бүлдіршін жансақтау бөлімінде он күн жатты. Осы уақытта дәрігерлер оның жағдайын тәулік бойы бақылады. Кейінірек оң өзгерістер байқала бастады. Қыз бала есін жиып, өздігінен тыныс ала бастаған. Содан оны жасанды тыныс алу аппаратынан ажыратты.
Жағдайы тұрақталған соң науқас бейінді бөлімшеге ауыстырылып, онда тағы төрт күн болды.