Қапшағайда суға батып бара жатқан адамды құтқармақ болған жігіт көз жұмды

Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов Қапшағай су қоймасында болған қайғылы оқиға туралы мәлімдеді. Оның айтуынша, суға батып бара жатқан демалушыны құтқаруға ұмтылған жас жігіт ерлікпен көз жұмған, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Бұл туралы қала әкімі өзінің Instagram парақшасында жазды.
«Қапшағай су қоймасында басқа адамның өмірін құтқармақ болып, өз өмірін құрбан еткен Қонаев қаласының тұрғыны Андрей Филипович Козятинскийдің қайғылы қазасы туралы хабарды терең күйзеліспен қабылдадым. Оның бұл әрекеті – нағыз батылдықтың, жанқиярлықтың және жоғары адамгершіліктің айқын үлгісі», – деп жазды әкім.
Әкімнің сөзінше, Андрей өз қауіпсіздігін ойламастан, қиын жағдайға тап болған адамға көмек көрсету үшін суға түскен.
«Мұндай қадамға жүрегі кең, рухы мықты адам ғана бара алады. Қонаев қаласының тұрғындары атынан Андрейдің әкесіне, бауырына, туған-туыстары мен жақындарына, оны танып-білген барша жанға шынайы көңіл айтамын. Бұл орны толмас қайғыны бастан өткеріп отырған отбасына ерекше қолдау білдіремін», – деді Асхат Бердіханов.
Посмотреть эту публикацию в Instagram