TOP-2Оқиға

«Қалай көз жұмғандарын білмейміз»: БАӘ-де жан тапсырған екі бойжеткеннің әкесі үн қатты

Шарджада көз жұмған екі бойжеткеннің ісі бойынша күдікті ұсталғаны жөнінде мәлімет тарады

Біріккен Араб Әмірліктерінде көз жұмған 20 және 22 жастағы қазақстандық апалы-сіңлілі екі бойжеткен өткен демалыс күндері елге әкелініп, жер қойнына тапсырылды. Марқұмдардың әкесі Мейрам Боханов қыздарының неден көз жұмғаны әлі белгісіз екенін айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Әкесі қыздарының жүзін мешітте ғана көрген

БАӘ полициясы марқұмдардың денесін әкесінің туыстық байланысты растайтын ДНҚ сынамасын тапсырғанынан кейін ғана берген. Мейрам Боханов қыздарының жүзін Қазақстандағы жерлеу рәсімі алдында алғаш рет көргенін жеткізді.

«Жүздерін мешітте ғана аштым. Інім екеуміз қарап, өз қыздарымыз екенін таныдық. Анасы оларды көрген жоқ. Қыздарын күлімдеп жүрген, бақытты қалпында есте сақтасын дедім», – дейді ол.

Апалы-сіңлілі бойжеткендер былтыр желтоқсанда жұмыс істейміз деп Шарджа қаласына кеткен. Олар сұлулық салонында еңбек етіп, жалдамалы пәтерде тұрған. Кейін екі қыздың денесі сол пәтерден табылған. Ресми құжаттарда олардың өлім себебі ретінде жүректің тоқтауы деп көрсетілген. Алайда отбасы әзірге қыздардың нақты қандай жағдайда көз жұмғанын білмейді.

Отбасы ресми сараптама қорытындысын күтеді

Марқұмдардың әкесі әлеуметтік желілерде тарап жатқан түрлі болжамға сенбеуге шақырды. Оның айтуынша, қайғылы оқиғаның нақты себебі сараптаманың ресми қорытындысы шыққаннан кейін ғана белгілі болады.

«Жүрегі тоқтаған дейді. Бірақ олардың нақты қалай көз жұмғанын білмейміз. Интернетте тарап жатқан ақпараттың бәрі – жалған. Оған сенбеңіздер. Сараптаманың ресми қорытындысы шыққанда ғана нақты айта аламыз», – деді Мейрам Боханов.

КТК телеарнасының мәліметінше, іс бойынша бір күдікті ұсталған. Алайда оның кім екені және қандай күдікке ілінгені туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ.

Бұған дейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Шарджа қаласында екі қазақстандық азаматтың қаза тапқанын растаған еді. Қыздардың денесінде зорлық-зомбылық белгілерінің болған-болмағаны және олардың өліміне нақты не себеп болғаны әзірге белгісіз. Тергеу жалғасып жатыр.

Back to top button