TOP-2Жаңалықтар

Қайрат Боранбаевтан тәркіленген отель жекешелендіріледі

Астана қалалық мәслихатының тұрақты комиссиясы Қайрат Боранбаевтың меншігінен мемлекетке қайтарылып, кейін электронды аукцион арқылы сенімгерлік басқаруға берілген Comfort Hotel Astana қонақүйінің тағдырын талқылады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Айта кетейік, аталған нысан 2024 жылы 25 сәуірде электронды сауда алаңында сенімгерлік басқаруға беру және кейін сатып алу құқығымен өткізілген. Сауда нәтижесінде қонақүйдің бағасы 3,92 млрд теңге болып белгіленген. Аукционға қатысу үшін шамамен 588 млн теңге кепілдік жарна талап етілген. Бастапқы баға да осы шамада – 3,919 млрд теңге, яғни тәуелсіз бағалаушы анықтаған активтің таза құнына тең болған.

Қалалық активтер мен мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Нұрлан Әлімжановтың сөзінше, биыл Астана әкімдігінің коммуналдық меншігінен жекеге сатылуға тиіс 4 нысанның ішінде Comfort Hotel Astana да бар.

”Қазір бұл нысан сенімгерлік басқаруда. Табысы жыл сайын 20 пайыз өсіп жатыр. Сенімгерлік арқылы басқарып отырған компанияның бірінші болып сатып алу құқығы бар. Жыл аяғына да дейін ол құқықтарын пайдаланбаса, ашық саудаға шығарамыз, – деп нақтылады қалалық инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Халел Әкімжанов.

Аталған төрт жұлдызды қонақүй бұған дейін Қайрат Боранбаевқа тиесілі болған. 2023 жылдың қазан айында кәсіпкер «тергеумен ынтымақтастық» аясында активті мемлекетке қайтарған. Қонақүй кешенінің құны бұған дейін 1,4 млрд теңгеден астам, жылдық айналымы шамамен 900 млн теңге деп бағаланған.
Депутаттар ұсынысты бірауыздан мақұлдап, нысанды биыл жекешелендіруге жататын кәсіпорындар тізіміне қосты.

Бұдан бөлек әкімдік меншігіндегі 27 паркингтің 16-сы (570 орынның бір бөлігі) кезең-кезеңімен аукцион арқылы сатылмақ. Сондай-ақ, Астана арнайы қызмет көрсету бюросы» ЖШС де жекешелендіруге кететін болды. Есесіне әкімдік Ұлттық пантеонды күтіп ұстайтын дербес мемлекеттік мекеме құруды жоспарлап отыр.

Back to top button