«Қай жерімен ойланған»: белгілі бизнесмен елде бірнеше казино ашу қате деп есептейді
Қазақстанның ең белді 50 бизнесменінің қатарына кіретін Серік Толықпаев “Дөп сөз” арнасына берген сұхбатында елде казино ашу бастамаларын мүлде қолдамайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
“Марқакөл, Зайсан немесе тағы бір жерлерге казино ашпақшы. Ойлап қарасаңыздар, казино деген халықтың тәрбиесі мен менталитетіне қаншалықты қажетті нәрсе? Өздерің ойлап қараңдаршы – Марқакөл және казино! Мүлде үйлеспейтін дүние ғой. Мүлде үйлеспейтін дүние. Ол не керек? Қай жерімен ойланған? Меніңше, мемлекетте стратегия деген құжат жоқ. Стратегия болса, оның бәрі басқаша шешілетін дүние ғой. Туризмге стратегия керек. “Казино аша салайық” деген ешқандай стратегия емес қой. Ол жеңіл ақша жолы. Ол жерде сапалы жұмыс орыны ашылмайды”, – дейді бизнесмен.
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов былтыр елдің бірнеше өңірінде шетелдік туристерге арналған казино ашылатынын мәлім еткен еді. Сөзінше, Мәжіліс тиісті заңға өзгерістер енгізіп, казино қызметін кеңейтуге рұқсат берген.
Министрдің сөзінше, әрбір жаңа казинодан жылына бюджетке 2-3 миллиард теңге салық түсіп, шамамен 500 жұмыс орны ашылады. Ал нақты қай жерде салынатынын инфрақұрылымның дайындығына қарай жергілікті әкімдіктер шешеді.