Президент сыртқы істер министрінің орынбасарын тағайындады
Мемлекет басшысының өкімімен Ардақ Темірханұлы Зебешев сыртқы істер министрінің орынбасары лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ардақ Зебешовтың өмірбаяны
Ардақ Зебешов еңбек жолын 2003 жылы Шымкент қаласының еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасында бас маман болып бастаған. Кейін Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының шаруашылық басқармасы филиалына жетекшілік еткен.
2004–2006 жылдары Ауыл шаруашылығы министрлігінің сыртқы байланыстар және инвестициялар бөлімінде бас маман болған. Одан кейін дипломатиялық қызметке ауысып, Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігінде үшінші хатшы, Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік протокол қызметіндегі министр кеңсесінде екінші хатшы қызметтерін атқарған.
2010–2016 жылдары Премьер-министр Кеңсесінің сыртқы байланыстар және протокол бөлімінде бас сарапшы, сектор меңгерушісі болып жұмыс істеген. 2016–2018 жылдары «Самұрық-Қазына Инвест» компаниясының халықаралық қатынастар департаментін, кейін «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы хатшылығын басқарған. 2018–2019 жылдары Премьер-министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрінің кеңесшісі болған.
Сондай-ақ 2018–2021 жылдары БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының Трансшекаралық су ағындары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану жөніндегі конвенциясы бюросының төрағасы қызметін атқарған. 2019 жылдан бастап Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитетінде басшылық қызметтерде жұмыс істеген. 2021 жылғы қыркүйектен 2024 жылғы ақпанға дейін комитет төрағасы болып, Президент жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің құрамына кірген. 2024 жылғы 19 ақпанда Қызылорда облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалған.
Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін «Халықаралық қатынастар», Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін «Экономика» мамандықтары бойынша бітірген. «Болашақ» бағдарламасының түлегі. 2014 жылы Лондондағы King’s College London оқу орнында мемлекеттік саясат және қызметтерді басқару бағыты бойынша, 2019 жылы London Business School оқу орнында іскерлік әкімшілендіру бағыты бойынша магистр дәрежесін алған.