Жамбыл облысы тұрғыны полицеймен соттасып, жеңіп шықты
Жамбыл облысының тұрғыны автокөлігінің тіркеу құжатындағы бір сан қате көрсетілгені үшін полицияны сотқа беріп, жеңіп шыққан, деп хабарлайды Tizgin.kz.
СОТ МӘЛІМЕТІ
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты мәліметінше, азамат полиция департаментінен көлік құралын тіркеу туралы куәліктегі қатені түзетуді талап еткен.
Әңгіме 2009 жылы шығарылған Nissan Tiida автокөлігі жайында. Көлікті тіркеу кезінде құжаттағы шанақтың сәйкестендіру нөмірі (VIN) қате енгізілген. Нақты айтқанда, VIN-кодтағы бір цифр көліктің зауыттан берілген нөмірімен сәйкеспеген.
Істі қарау барысында сот сараптамасы тағайындалып, оның қорытындысы бойынша автокөліктің шанақ нөмірі зауыттық екені, оған ешқандай өзгеріс енгізілмегені және тіркеу құжатындағы деректермен сәйкес келмейтіні анықталды.
ШЕШІМ
Осылайша, қателік автокөлікті мемлекеттік тіркеу кезінде жіберілгені белгілі болды.
Сот полиция департаменті азаматтың өтінішін жан-жақты әрі объективті қарау үшін қажет шараларды толық қабылдамай, оның құқықтарын қалпына келтіру жөніндегі міндетін орындамаған деген қорытындыға келді. Нәтижесінде сот Жамбыл облыстық полиция департаментіне көлік құралын тіркеу туралы куәлікке өзгеріс енгізіп, VIN-кодтағы қатені түзетуді міндеттеді.
ІІМ-ГЕ ДЕ ҰЙҒАРЫМ ШЫҒАРЫЛДЫ
Сонымен қатар сот азаматтың өтінішін қарау кезінде Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс талаптары сақталмағанын атап өтіп, Ішкі істер министрлігінің атына жеке ұйғарым шығарды.
Сот шешімі заңды күшіне енді.