TOP-2ЕрекшеЖаңалықтар

Персеидтер түні: Жұлдыз жауынын бақылауға арналған толық нұсқаулық

Келесі рет 12 тамыздағы жаңа Ай тек 2045 жылы ғана қайталанады.

Бүгін, 12 тамызда, толық Күн тұтылуы болады. Оны ең жақсы көруге болатын аймақтар – Испания, Исландия және Гренландия. Қазақстан тұрғындары бұл сирек астрономиялық құбылысты Астана уақыты бойынша сағат 22:15-тен бастап NASA-ның онлайн тікелей эфирі арқылы тамашалай алады. Сонымен қатар, дәл осы түні аспанда тағы екі ерекше құбылыс байқалады: алты ғаламшардың шеруі және Персеид метеор жауынының шарықтау шегі. Бұл – аспан әлемін бақылауға қызығатындар үшін осы жылдың ең әсерлі түндерінің бірі болмақ. Tizgin.kz жұлдыздар жауынын қалай, қай бағытта көруге болатыны және қалай дайындалу керектігі туралы ақпарат ұсынады.

Персеидтер – 2026: ең маңызды метеор жауыны

Фото: newsbytesapp.com

Персеидтер – жылдың ең көп күтілетін метеор ағыны. Ол 2026 жылғы 12 тамыздан 13 тамызға қараған түні шарықтау шегіне жетеді. Биыл бақылауға жағдай өте қолайлы, өйткені 12 тамызда жаңа туған Ай болады. Соның арқасында аспан қараңғы болып, метеорларды анық көруге мүмкіндік туады.

Персеидтер туралы негізгі мәліметтер

Фото: nj.com

Белсенділік кезеңі: 17 шілде – 24 тамыз

Персеидтер 17 шілдеден 24 тамызға дейін белсенді болады, бірақ ең әсерлі көрініс 12–13 тамызға қараған түні күтіледі.

2026 жыл – Персеидтерді бақылауға ең қолайлы сирек жылдардың бірі, себебі шарықтау кезеңінде Ай сәулесі кедергі келтірмейді. Жаңа Айдың арқасында тек жарық метеорларды ғана емес, әдетте Ай жарығында байқалмайтын әлсіз метеорларды да көруге болады.

Келесі рет 12 тамыздағы жаңа Ай тек 2045 жылы ғана қайталанады, сондықтан бұл мүмкіндікті жіберіп алмаңыз.

Әдетте Персеидтердің шарықтау кезінде сағатына 100-ге дейін метеор байқалады. Алайда Халықаралық метеор ағындары күнтізбесіне сәйкес, 2026 жылы ағынның белсенділігі әдеттегіден төмен болуы мүмкін.

Персеидтерді қалай бақылауға болады

Фото: vertu.com
  • Бақылауды радиант көкжиектен көтерілгеннен кейін бастаңыз.
  • Қала шамдарынан алыс, қараңғы аспаны бар жерді таңдаңыз.
  • Егер мүмкіндік болса, тауға шыққан дұрыс, өйткені онда тұман мен бұлт аз болады.
  • Кем дегенде бір сағат бақылауға уақыт бөліңіз.
  • Ыңғайлы болу үшін шезлонг, жиналмалы орындық немесе төсеніш пайдаланыңыз.

Неден аулақ болу керек?

  • Радиантқа тікелей қарамаңыз, өйткені ол жақтағы метеорлар қысқа болып көрінеді.
  • Көкжиекке тым төмен қарамаңыз – тұман немесе бұлт көруге кедергі келтіруі мүмкін.
  • От жақпаңыз және жарық шамдарды қолданбаңыз. Жарық көздің қараңғылыққа бейімделуіне кедергі жасайды. Оның орнына қызыл жарықты шамды пайдаланыңыз және астрономиялық қолданбада түнгі режимді қосыңыз.
  • Бір сағат бойы үздіксіз аспанға қарамай, әр 5–10 минут сайын үзіліс жасап тұрыңыз.

Персеид метеороидтары Жерге жете ме

Фото: timeanddate.com

Персеидтердің метеороидтары – Свифт–Таттл кометасы қалдырған өте ұсақ шаң мен тас бөлшектері. Олар Жер атмосферасына енген кезде толықтай жанып кетеді, сондықтан Жер бетіне жетпейді. Ал атмосферадан өтіп, Жерге құлайтын ірі ғарыш денелері метеориттер деп аталады.

«Қаладан 60–70 шақырым алыстаңыз»

Фото: threads.com/@miras_shekenov_vanlife

Саяхатшы, тревэл-блогер, экс-депутатт Мирас Шекенов әлеуметтік желіде қала сыртында метеорлар қалай көрінетіні туралы сурет салып, Астана тұрғындарына кеңес жазды.

«Қаладан тыс жерде Персеид метеорлары дәл осылай көрінеді. Егер бүгін түнде жұлдыз жауынын тамашалауды жоспарласаңыз, ең қолайлы бағыт – оңтүстік-батыс (Қорғалжын тасжолы). Бұл жер қараңғы болады және Құс жолы анық көрінеді, Персеидтерді бақылауға өте қолайлы. Бүгін түнде аспан толық ашық болады, түнгі ауа температурасы +11…+13 °C. Далада жел болуы мүмкін, сондықтан жылы киініңіз», – деп жазды. Мирас Шекенов.

Оның жазуынша, аспанды тамашалауға ең қолайлы уақыт: түнгі 01:00–04:30 аралығы.

«Қаладан кемінде 60–70 шақырым алыстаңыз. Тасжолдан қауіпсіз жерге бұрылып, ашық далада бақылаңыз. Шезлонгқа немесе карематқа жатып, аспанның кең бөлігін бақылаңыз. Ең қараңғы бағыт – оңтүстік-батыс (азимут 210–230°). Осы тұстан Персеидтердің ұзын әрі жарқын іздерін көру ықтималдығы жоғары. Көлік шамдарын өшіріп, телефон экранына 15–20 минут қарамаңыз – көзіңіз қараңғылыққа бейімделеді. Табиғатты таза ұстаңыз, қоқыс қалдырмаңыз», – дейді ол.

Персеидтерді анық көру үшін қай аймақты таңдау керек?

Фото: https://www.threads.com/@alex_ferrarius

Көкшетайлық фотограф Александр Персеидтерді бақылағысы келетіндер үшін Қазақстанның бірнеше қаласы: Астана, Атырау, Петропавл, Өскемен бойынша аспанды тамашалауға қолайлы жерлердің картасын салды.

«Персеидтерді жақсы көру үшін түспен белгіленбеген аймақтарға, яғни солтүстік-шығыс бағытқа шыққан дұрыс», – дейді ол.

Сондай-ақ, фотограф Тимур Байгулов Түркістан облысы аймағында жұлдыздар жауған түнді түсіріп, оқырмандарымен бөлісті.

Персеидтерге қатысты ең танымал ырым

Фото: theweathernetwork.com

Персеидтер ежелден әдемі ырымдар мен романтикалық аңыздарға арқау болған. Соның ең танымалы – аққан жұлдызды көрген сәтте тілек тілеу. Бұл ырымның ғылыми дәлелі болмаса да, көптеген адам оны үміттің, арманның және жаңа бастамалардың символы ретінде қабылдап, бүгінге дейін жалғастырып келеді.

Персеидтер түні – жылдың ең әсем астрономиялық құбылыстарының бірін тамашалап қана қоймай, қала қарбаласынан алыстап, жұлдызды аспан астында ерекше әсер алуға мүмкіндік беретін сирек сәт. Ырымдарға сенсеңіз де, сенбесеңіз де, бұл метеор жауыны адамды армандауға шабыттандырып, ғаламның ғажайып сұлулығын сезінуге мүмкіндік береді. Сондықтан осы ерекше түнді жіберіп алмай, аққан жұлдызды көріп, тілек тілеп көріңіз.

Back to top button