$ 448.45 € 501.59 ₽ 5.36
Жаңалықтар

«Пашинян мұндай сөз айтпаған»: Қазақстан туралы ақпарат жалған болып шықты

Әлеуметтік желілерде Армения премьер-министрі Никол Пашинянның Қазақстанға қатысты мәлімдеме жасағаны туралы ақпарат тарап жатыр. Алайда тексеру барысында оған телінген дәйексөздің бұрмаланғаны анықталды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Пашинян шын мәнінде не деді

Жалған ақпаратқа Пашинянның 3 қыркүйекте өткен брифингте журналист сұрағына берген жауабы негіз болған.

Брифинг барысында журналист Армения билігінің шешімдеріне сырттан ықпал етуі мүмкін деген болжамға қатысты сұрақ қойған.

«Сіздердің алдарыңызда Армян КСР Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы тұрғандай әсер қалыптасады», – деп жауап берген Пашинян.

Орталықтың түсіндіруінше, премьер-министр бұл жерде Арменияның мемлекеттік шешімдерді өз бетінше қабылдауы туралы айтқан. Оның жауабында Қазақстан туралы ешқандай сөз болмаған.

Алайда жалған ақпаратты таратушылар бастапқы жауаптағы жекелеген сөздерді өзгертіп, түпнұсқада мүлдем болмаған тіркестерді қосқан. Соның салдарынан Пашинян сөзінің бастапқы мәні өзгеріп, Қазақстанға қарсы бағытталған мәлімдеме ретінде ұсынылған.

Премьер-министр жауабының түпнұсқасы 3 қыркүйектегі брифингтің бейнежазбасымен расталады.

Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы мұндай манипуляциялардың қоғамда теріс көңіл күй қалыптастырып, Қазақстан мен Армения халықтарының арасында жасанды түсініспеушілік тудыруға бағытталғанын атап өтті.

Жалған ақпарат үшін жаза

Орталық әлеуметтік желі қолданушыларын тексерілмеген дәйексөздер мен жарияланымдарды таратпауға шақырды. Ақпаратты бөліспес бұрын оның бастапқы дереккөзіне, жарияланған күні мен мәнмәтініне назар аудару қажет.

Бұған дейін жалған ақпаратты жариялап үлгерген қолданушыларға мұндай жазбаларды өшіріп, тиісті теріске шығару жариялау ұсынылды.

Орталық жалған ақпарат тарату заң бойынша жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін де еске салды.

ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 456-2-бабына сәйкес, жалған ақпарат таратқаны үшін 250 АЕК-ке дейін айыппұл салу немесе заңда көзделген жағдайларда әкімшілік қамаққа алу қарастырылған.

Ал қоғамдық тәртіпті бұзу немесе заңмен қорғалатын құқықтар мен мүдделерге елеулі зиян келтіру қаупін туғызатын көрінеу жалған ақпарат тарату Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Бұл бап бойынша жаза жеті жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.

Нұрай Әкіремхан

Нұрән Әділет – Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының білім саласына маманданған тілшісі. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-ды “қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығы бойынша тәмамдаған. Филология ғылымдарының магистрі. Еңбек жолын ШҚО-дағы “Өскемен” газетінде корректор, артынша тілші болып бастаған. 2022 жылы “Jana Bastau” газетінде редактордың орынбасары болған. Әр жылдары Inbusiness.kz сайтында корректор, Qaz365.kz порталында тілші, Kursiv Media-ның Business News бөлімінің тілшісі болып жұмыс істеген. 2026 жылдың наурыз айынан бастап Tizgin.kz порталының арнайы тілшісі.
Back to top button