Өзбекстанда бизнеске салынатын айыппұл екі есе азаяды
Өзбекстан билігі кәсіпкерлерге салынатын айыппұлдардың мөлшерін орта есеппен екі есе қысқартуды жоспарлап отыр. Сонымен бірге 2027 жылдан бастап бизнес пен мемлекет арасындағы дауларда кәсіпкердің уәжін басым қоятын жаңа қағида енгізілмек, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Айыппұл бюджет толтырудың құралы болмауы тиіс
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев кәсіпкерлерге қолданылатын жазалау шараларын қайта қарау қажеттігін мәлімдеді. Оның айтуынша, айыппұлдың мақсаты бюджетке қаржы жинау емес, белгілі бір салада тәртіп орнатып, заңбұзушылықтың алдын алу болуы керек.
«Айыппұл қаражат жинауға емес, саладағы тәртіпті қамтамасыз етуге және заңбұзушылықтың алдын алуға қызмет етуі тиіс», – деді Мирзиёев.
Осыған байланысты бизнеске салынатын айыппұлдардың мөлшерін орта есеппен екі есе төмендету көзделіп отыр. Алайда нақты қандай айыппұлдар қысқаратыны және олардың жаңа мөлшері әзірге жарияланған жоқ.
Кәсіпкердің кінәсін мемлекет дәлелдеуі керек
Билік кәсіпкерлерді жауапкершілікке тарту тәртібін де өзгертпек. 2027 жылдан бастап бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы дауларда «кәсіпкердің уәжі дұрыс» деген қағида қолданылады.
Бұл талап бойынша кәсіпкердің кінәсі сотта дәлелденбейінше, оған айыппұл салуға немесе өзге де ықпал ету шараларын қолдануға болмайды. Яғни кәсіпкер өзінің кінәсіздігін дәлелдеуге міндетті емес – заңбұзушылық болғанын мемлекеттік орган сот арқылы негіздеуі тиіс.
Сонымен қатар «алғашқы қателік үшін ескерту» қағидасы енгізіледі. Егер кәсіпкер заң талаптарын алғаш рет бұзса және оның әрекеті адамдардың өміріне, денсаулығына немесе мүлкіне зиян келтірмесе, оған кемшілікті түзету үшін 10 күн беріледі. Кәсіпкер заңбұзушылықты осы мерзімде жойса, оған айыппұл салынбайды.