TOP-2Жаңалықтар

Отбасы банк мемлекеттік қызметкерлерге бастапқы жарнасыз жеңіл ипотека бере ме

Бұған дейін депутаттар «Отбасы банк» базасында мемлекеттік қызметкерлерге бастапқы жарнасыз, төмен пайыздық мөлшерлемемен әрі банк сыйақысын мемлекет есебінен субсидиялау арқылы жеңілдетілген ипотека беру бастамасын көтерген еді. Мәжілістің ресми сайтында олардың бұл сұрауына үкімет басшысы Олжас Бектеновтің жауабы жарияланды.

Бектенов мемлекеттік қызметкерлердің тұрғын үй мәселелері қолданыстағы тұрғын үй саясаты аясында қарастырылып жатқанын айтады. Олардың қатарында жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар, кейіннен сатып алу құқығымен берілетін жалдамалы тұрғын үй, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар жүзеге асыратын өңірлік тұрғын үй бағдарламалары бар. Жекешелендіру мүмкіндігімен жалдамалы тұрғын үй беру, сондай-ақ инфляция деңгейін ескере отырып жеңілдетілген мөлшерлемелермен «2-10-20» және «5-10-20» бағдарламалары бойынша қарыздар беру тетігі қарастырылған. «Наурыз» бағдарламасы, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың өңірлік тұрғын үй бағдарламалары «Отбасы банк» АҚ-мен бірлесіп жүзеге асырылып келеді.

Сонымен қатар «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ жергілікті атқарушы органдармен жасалған келісімдер аясында тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған азаматтарды, оның ішінде тиісті кезек тізіміне енгізілген мемлекеттік қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз етеді. Осы тетік шеңберінде тұрғын үй бастапқы жарнасыз, кейіннен сатып алу құқығымен жалға беру арқылы, жылдық 3,1 % сыйақы мөлшерлемесімен 20 жылға дейінгі мерзімге ұсынылады.

Одан бөлек 2025 жылғы 24 мамырдан бастап тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепке тұру құқығы соңғы 5 жыл ішінде өз меншігінде тұрғын үйі болмаған және Астана, Алматы немесе Шымкент қалаларында кемінде 3 жыл тұрақты тіркеуде тұрған елдің кез келген кәмелетке толған азаматына беріледі.

«Осылайша, қолжетімді ипотекалық өнімдердің жеткілікті. Бюджет қаражатының шектеулі жағдайында мемлекеттік қызметкерлер үшін бастапқы жарнасыз және төмен пайыздық мөлшерлемемен жеке тұрғын үй бағдарламасын іске қосу қолдау таппайды», – дейді Бектенов.

Back to top button