$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
Спорт

«Осы қуанышымды барша қазақстандықтарға бөліскім келеді»: Елена Рыбакина елге келетінін айтты

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина US Open турниріндегі тарихи жеңісінен кейін Қазақстанға келіп, чемпиондық қуанышын отандастарымен бірге бөліскісі келетінін айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«Осы сәтті барша қазақстандықпен бөліскім келеді»

TheTennisLetter басылымы X әлеуметтік желісінде Елена Рыбакинаның АҚШ ашық чемпионатындағы жеңісінен кейінгі баспасөз мәслихатынан үзінді жариялады.

Теннисші баспасөз мәслихатынан кетуге жиналып жатқан сәтте қазақстандық журналист оған сұрақ қойып үлгерген. Рыбакина қайта оралып, отандасының сұрағына жауап берді.

Журналист одан Нью-Йорктегі финалды тамашалап, оған жанкүйер болған қазақстандықтарға не айтқысы келетінін сұрады.

«Қолдау көрсетіп, маған сенген баршаңызға зор алғысымды айтқым келеді. Қазір үйде емеспін, бірақ Қазақстанға баруды жоспарлап отырмын. Маған қолдау көрсетіп, матчтарымды тамашалаған барлық қазақстандықпен осы сәтті бөліскім келеді», – деді Рыбакина.

Чемпион әсіресе балалармен кездесудің ол үшін маңызды екенін атап өтті.

«Әсіресе балалармен бірге. Мен үнемі айтып жүремін: қазір теннис орталықтарына өте көп бала келіп жатыр. Олардың барлығы теннис ойнағысы келеді. Бұл – керемет нәрсе. Бұл жетістік бүкіл ел үшін маңызды. Сондықтан оны бірге атап өтейік», – деді спортшы.

Рыбакина US Open тарихында алғаш рет чемпион атанды

Елена Рыбакина US Open-2026 финалында Беларусь өкілі, әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы Арина Соболенконы жеңіп, мансабында алғаш рет Нью-Йорктегі «Үлкен дулыға» турнирінің чемпионы атанды.

Бұл қазақстандық теннисшінің US Open-дегі ең үздік нәтижесі болды. Бұған дейін Рыбакина АҚШ ашық чемпионатында төртінші айналымнан әрі аса алмаған еді.

Чемпиондық кубокты Рыбакинаға әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы, «Үлкен дулығаның» барлық турнирлерінде жеңіске жеткен Мария Шарапова табыстады.

Жеңістен кейін қазақстандық теннисші өз командасына, отбасына және достарына қолдауы үшін алғыс айтты. Сондай-ақ ол финалда жеңілген Арина Соболенкоға да жылы лебізін білдірді. Беларусь спортшысы өз сөзін айтып тұрған кезде көз жасын тыя алмады.

Рыбакинаның тарихи жеңісіне Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та үн қатып, теннисшіні құттықтады. Мемлекет басшысы спортшының жетістігімен бүкіл Қазақстан мақтанатынын атап өтті.

Енді қазақстандық жанкүйерлер Елена Рыбакинаның елге оралып, US Open чемпиондығын отандастарымен бірге атап өтетін сәтін күтіп отыр.

Back to top button