Жаңалықтар

Орталықта жаңбыр, оңтүстікте +37 градус ыстық – 30 тамызға ауа райы болжамы

Қазақстанда жексенбі, 30 тамызда ауа райы құбылмалы болады. Солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде күн салқындап, бірқатар қалада жаңбыр мен найзағай күтіледі. Ал елдің оңтүстігінде ауа температурасы +37 градусқа дейін көтеріледі, деп хабарлайды Tizgin.kz Қазгидрометке сілтеме жасап.

Жаңбыр қай қалаларда жауады

Астанада күн бұлтты болып, мезгіл-мезгіл жаңбыр жауады. Түнде ауа температурасы +8…+10, күндіз +13…+15 градус болады. Солтүстік-батыстан соққан желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін күшеюі мүмкін.

Қарағандыда жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Түнде және таңертең тұман түседі. Ауа температурасы түнде +7…+9, күндіз +18…+20 градус шамасында болады.

Павлодарда да жаңбыр мен найзағай болжанып отыр. Күндіз ауа +16…+18 градусқа дейін жылынады. Семейде күндіз +22…+24, Өскеменде +20…+22 градус болады. Екі қалада да жаңбыр жауып, найзағай күтіледі.

Қызылордада таңертең жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Түнде +18…+20, күндіз +28…+30 градус болады. Алматыда күннің екінші жартысында қысқа мерзімді жаңбыр жауып, найзағай күтіледі. Мегаполисте ауа температурасы күндіз +31…+33 градусқа жетеді.

Қазгидрометтің мәліметінше, жаздың соңғы күндері атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты ел аумағының басым бөлігінде жаңбыр, найзағай және екпінді жел сақталады. Ал батыс өңірлерде жауын-шашынсыз ауа райы болжанған.

Оңтүстікте аптап, солтүстікте салқын болады

Ең жоғары температура Түркістанда тіркелмек. Мұнда күндіз ауа +35…+37 градусқа дейін қызады. Шымкентте +33…+35, Тараз бен Талдықорғанда +31…+33 градус болады. Бұл қалаларда жауын-шашын күтілмейді.

Қонаевта түнде +17…+19, күндіз +32…+34 градус шамасында болады. Жезқазғанда ауа температурасы күндіз +26…+28 градусқа жетеді.

Елдің солтүстігінде керісінше салқын ауа райы сақталады. Петропавлда түнде +3…+5, күндіз +12…+14 градус болады. Қостанайда түнгі температура +2…+4 градусқа дейін төмендеп, күндіз +13…+15 градус шамасында болады. Көкшетауда түнде +5…+7, күндіз +13…+15 градус күтіледі.

Ақтөбеде түнде +5…+7, күндіз +17…+19 градус болады. Оралда да түнгі температура +5…+7 градусқа дейін төмендейді, күндіз +18…+20 градус күтіледі. Таңертең тұман түсуі ықтимал.

Атырауда жауын-шашынсыз ауа райы сақталып, күндіз ауа +25…+27 градусқа дейін жылынады. Ақтауда түнде +18…+20, күндіз +24…+26 градус болады.

Back to top button