Ормуз бұғазындағы текетірес қайта күшейді: АҚШ Иранға соққы жасады

АҚШ Қарулы күштері 30 тамызда Ормуз бұғазындағы Ларек аралында орналасқан Иранның екі зымыран қондырғысына соққы жасады. Бұл – шілде айының соңынан бері Вашингтонның Иран аумағына жасаған алғашқы шабуылы, деп хабарлайды Tizgin.kz DW басылымына сілтеме жасап.
АҚШ Орталық қолбасшылығының мәліметінше, Иран Ислам революциясы сақшылар корпусы теңіз миналарын тасымалдауға арналған зымырандарды Ормуз бұғазына қарай ұшыруға дайындалған.
АҚШ қандай нысандарды соққыға алды
Америкалық CBS News пен Axios басылымдарының хабарлауынша, соққы Иран жағалауынан бірнеше теңіз милі қашықтықта орналасқан Ларек аралындағы екі зымыран қондырғысына жасалған.
CENTCOM баспасөз хатшысы Тим Хокинстің айтуынша, АҚШ әскері өткен аптада Ормуз бұғазындағы сауда жолдарын миналардан тазарту жұмыстарын аяқтаған. Осыдан бір апта бұрын АҚШ президенті Дональд Трамп Тегеранға бұғазға мина төсейтін кез келген кеме немесе өзге де жүзу құралының дереу жойылатыны туралы ескерту жасалғанын мәлімдеген еді.
Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы шабуылдан кейін АҚШ-тың «экономикалық және әскери майданда жауап беретінін» ескертті. Бұл мәлімдемені Иранның мемлекеттік Fars агенттігі таратты.
КСИР-ге жақын Tasnim агенттігінің дерегінше, соққы дронның көмегімен жасалған. Шабуыл салдарынан екі адам қаза тауып, тағы екі адам жараланған. Алайда бұл ақпаратты тәуелсіз дереккөздер әзірге растаған жоқ.
Арада бірнеше сағат өткенде КСИР Иордания аумағындағы АҚШ-тың екі әскери базасына зымырандар ұшырғанын хабарлады. Иран тарапы техникалық инфрақұрылым нысандары, қызмет көрсету пункттері мен жойғыш ұшақтардың позициялары нысанаға алынғанын мәлімдеді.
Иордания армиясы елдің әуе кеңістігіне кірген сегіз зымыранның ұстап түсірілгенін хабарлады.
Ормуз бұғазындағы шиеленіс қайта күшейді
АҚШ әскері шілденің соңынан бері Иран аумағына соққы жасамаған еді. Дональд Трамп мұндай шешімді Ормуз бұғазының болашағы, санкциялар және Иранның ядролық бағдарламасы жөніндегі келіссөздерді жалғастыру ниетімен түсіндірген.
Алайда тараптар арасындағы келіссөздерде айтарлықтай ілгерілеу болмады. Осы жағдайдан кейін Трамп Иранға қарсы «экономикалық соғыс» жариялады. АҚШ Қаржы министрлігі бірқатар компания мен жеке тұлғаға санкция енгізгенімен, Тегеранды негізгі табыс көздерінен айыратын ауқымды шаралар әзірге қабылданған жоқ.
Ормуз бұғазы – әлемдік мұнай тасымалы үшін стратегиялық маңызы бар бағыттардың бірі. Қарулы қақтығыс басталғанға дейін бұғаз халықаралық кеме қатынасы үшін ашық болған. Қазір бұл аумақта бақылау орнатқанын Иран да, АҚШ та мәлімдеп отыр.