«Өрмекші адам» көлік тіркемесінде: Семейде үш адам жазаланды
Семейде көлік тіркемесінде «Өрмекші адамды» тасымалдаған жүргізуші жазаланды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында полиция Семейдегі аспалы көпір арқылы қозғалып бара жатқан Mitsubishi Pajero көлігінің тіркемесінде «Өрмекші адам» костюмін киген адамның отырғаны түсірілген видеоны анықтады.
Жарнама үшін түсірілген
Тексеру барысында бұл сапардың қаладағы мейрамханалардың бірін жарнамалау мақсатында ұйымдастырылғаны анықталды. Полиция бейнежазбаға қатысқан азаматтарды анықтап, полиция бөліміне жеткізді.
Үш адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Нәтижесінде 23 жастағы көлік жүргізушісі жолаушыны тіркемеде тасымалдағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар жарнамалық түсірілімге қатысқан 18 жастағы «Өрмекші адам» мен оның 25 жастағы серіктесі де жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырды
Полиция креативті жарнама немесе ерекше түсірілім ұйымдастырған кезде де қауіпсіздік талаптары мен жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырды.