Жаңалықтар

“Өрмекші адам: Жаңа күн” фильмнің қазақша сеансы орысшасынан 10 есе аз көрсетіліп жатыр

Астана кинотеатрларында «Өрмекші адам: Жаңа күн» фильмінің қазақ тіліндегі көрсетілімдері орысша нұсқасынан айтарлықтай аз. Tizgin.kz елордадағы бірнеше кинотеатрдың 11 тамызға арналған кестесін салыстырып, қазақша сеанс бір кинотеатрда орысшасынан 5-6 есе, кейбірінде тіпті 14 есе аз көрсетіліп жатқанын байқады.

Қазақша нұсқа бар, таңдау аз

Фильм Қазақстанда қазақ және орыс тілінде прокатқа шықты. Алайда оны қазақша көргісі келген көрерменнің уақыт пен кинотеатр таңдау мүмкіндігі шектеулі.

“Чаплин” (Мега Силк Уей) кинотеатрындағы 12 тамыздағы қазақша сеанстарКейбір кинотеатрларда орысша нұсқа таңертеңнен түнге дейін бірнеше рет көрсетілсе, қазақша дубляжға бірді-екілі ғана уақыт бөлінген. Кей жағдайда қазақша сеанс жұмыс істейтін адамдар мен балалы отбасыларға қолайсыз мезгілге қойылған.

“Чаплин” (Мега Силк Уей) кинотеатрындағы 12 тамыздағы орысша сеанстар

Демек, мәселе қазақша дубляждың бар-жоғында ғана емес, оның көрерменге ыңғайлы уақытта ұсынылуында да болып отыр.

“Азия парк” ойын-сауық кешенінде осы фильмнің орысша нұсқасы сағат сайын 15 рет көрсетілсе, қазақ тілінде бар-жоғы екі рет беріледі.

“Saryarka” кинотеатрында тіптен орысша нұсқасы 29 рет, ал қазақша нұсқасы бар-жоғы екі рет көрсетіледі.

Кинотеатрлар сұранысқа қарайды

Қазақша сеанстың аздығын тек кинотеатрлардың ұстанымымен байланыстыру біржақты болар еді. Кинотеатрлар – коммерциялық ұйымдар. Олар кестені билет сатылымына, залдың толуына және әр сеанстың табыстылығына қарай жасайды. Егер қазақша нұсқаға билет аз сатылса, кинотеатр оның көрсетілімін қысқартып, сұранысы жоғары тілдегі сеанстарды көбейтуі мүмкін. Сондықтан қазақша дубляжды қолдайтын көрермен оны нақты билет сатып алу арқылы да көрсетуі керек.

Бірақ «сұраныс аз» деген уәждің өзіне де абайлап қараған жөн. Орысша нұсқа күні бойы ыңғайлы уақытта көрсетіліп, қазақша сеанс таңертең ерте немесе түнге қарай қойылса, олардың сатылымын тең жағдайда салыстыру қиын. Көрермен қазақша көргісі келгенімен, қолайлы уақыт таба алмай, орысша нұсқаны таңдауы немесе кинотеатрға барудан мүлде бас тартуы мүмкін. Яғни сұранысты қалыптастыратын да – ұсыныс.

Заңда нақты үлес көрсетілмеген

«Кинематография туралы» заңның 9-бабында фильмдерді Қазақстан аумағында қазақ тілінде және басқа тілдерде прокаттау қарастырылған. Қазақша көрсетілмейтін фильмдер дубляжбен, субтитрмен немесе кадр сыртындағы аудармамен қамтамасыз етілуге тиіс. Алайда заңда қазақша және орысша сеанстардың нақты арақатынасы белгіленбеген. Қазақ тіліндегі көрсетілімге міндетті түрде кешкі уақыт бөлу талабы да жоқ.

«Өрмекші адам: Жаңа күн» төңірегіндегі жағдай бір фильммен шектелмейді. Қазақша дубляжға қаражат пен еңбек жұмсалғанымен, оған жеткілікті әрі ыңғайлы сеанс берілмесе, сол еңбектің нәтижесі көрерменге толық жетпейді.

Фильм жайлы

«Өрмекші адам: Жаңа күн» – Marvel комикстеріне негізделген америкалық шытырман оқиғалы фильм. Режиссері – Дестин Дэниел Креттон. Басты рөлдерде Том Холланд, Зендея, Сэди Синк, Джон Бернтал және Марк Руффало ойнайды.

Оқиға алдыңғы бөлімнен төрт жыл өткен соң өрбиді. Бүкіл әлем Питер Паркерді ұмытқаннан кейін ол жалғыз өмір сүріп, Нью-Йоркті Өрмекші адам ретінде қорғайды. Көп ұзамай оның бойында өзі басқара алмайтын өзгеріс басталып, қалаға жаңа әрі қауіпті жау төнеді.

Фильм Қазақстан кинотеатрларында 6 тамыздан бастап көрсетіліп жатыр. Жас шектеуі – 14+, ұзақтығы – 150 минут.

Back to top button